Ливанда бітімге қарамастан, Израильдің Бейрутты бомбалау қаупінен кейін қаланың оңтүстік маңындағы аудандардан жаппай көшу басталды.
Анадолы агенттігінің өңірдегі тілшісінің мәліметінше, тұрғындардың қауіпсіз жерге кетуге асығуы салдарынан оңтүстік аймақтағы жолдар мен негізгі бағыттарда бірнеше шақырымға созылған көлік кептелісі қалыптасқан.
Үйлерін тастап шыққан мыңдаған ливандық Бейруттың орталығына және қауіпсіз аймақтарға жетуге тырысып, сағаттап жолда тұрып қалды.
Израиль бұқаралық ақпарат құралдары эвакуация жөнінде ескерту жариялағаннан кейін жаппай эвакуация күшейе түсті.
Университеттердегі емтихандар кейінге шегерілді
Қауіпсіздік жағдайының күрт нашарлауына байланысты білім беру саласында да шұғыл шаралар қабылданды.
Ливан университеті ректорының мәлімдемесіне сәйкес, Бейруттың Хадас ауданындағы Рафик Харири кампусында және елдің оңтүстігіндегі Сайда қаласындағы барлық факультет пен институттағы емтихандар келесі аптаға шегерілді. Сонымен қатар университет басқа кампустардағы емтихандардың жоспарланған кесте бойынша өтетінін хабарлады.
Вашингтондағы маңызды саммит алдында шиеленіс күшейді
Шиеленістің күшеюіне Беньямин Нетаньяхудың Израиль күштеріне Бейрутқа әуе шабуылдарын жасау жөнінде бұйрық беруі себеп болды.
Бітімге қарамастан қабылданған бұл шешім Бейрут пен Тель-Авив өкілдері Вашингтонда өткізетін келіссөз қарсаңында жарияланды.
Дипломатиялық талпыныстар жалғасып жатқан кезеңде айтылған бұл қоқан-лоқы аймақтағы гуманитарлық дағдарыстың одан әрі тереңдеуіне себеп болды.













