2026 жылы әлемнің түкпір-түкпірінен шамамен 2 миллион мұсылман қажылық парызын өтемек. Қажылар Меккенің батысындағы қасиетті аймақ Минаға жетіп, тәруия күнін құлшылықпен өткізуде.
Тәруия күні ̶ қажылар Арафатқа шығар алдында рухани дайындық жасайтын алғашқы кезең. Қажылар бес уақыт намазды қысқартып оқып, Минада түнейді. Зүлхижжа айының тоғызыншы күні күн шыққаннан кейін Арафатқа жол тартады.
Мина ̶ қажылықтың бастау нүктесі ғана емес, сондай-ақ құрбан айттың алғашқы күні мен одан кейінгі ташриқ күндерінде шайтанға тас ату рәсімі өткізілетін негізгі орындардың бірі. Мекке мен Мүздалифа арасында орналасқан бұл аймақ қажылықтан тыс уақытта бос тұрады.
Сауд Арабиясы Қажылық және ұмра министрлігінің ресми өкілі Гассан ән-Нуайми қасиетті аймақтарда 25-тен астам инфрақұрылымдық жобаның жүзеге асырылғанын, Минаның аумағы кеңейтілгенін, 54 мыңнан астам шатыр дайындалғанын және 60 мыңнан астам ағаш отырғызылғанын жеткізді.
Билік өкілдері тәруия күніне арналған көлік қатынасы, шатырларды орналастыру, бағыт-бағдар беру және жергілікті қызмет көрсету жұмыстарының толық аяқталғанын мәлімдеді.
Ал Сауд Арабиясының Ұлттық метеорология орталығы Минадағы ауа температурасы 45 градусқа дейін көтерілуі мүмкін екенін хабарлап, қажылар мен қызметкерлер үшін бес тілде ауа райы туралы ақпарат таратылатынын мәлімдеді.











