Сирия билігі Башар Асад режимінің химиялық қару бағдарламасына қатысты қалдықтарды анықтады. Сирияның Химиялық қаруға тыйым салу ұйымы жанындағы өкілдіктің мәліметінше, олардың арасында Шығыс Гута мен Хамадағы бұрынғы химиялық шабуылдарда қолданылғанға ұқсас оқ-дәрілер де бар.
Сирияның «SANA» агенттігінің мәліметінше, жүргізілген іздестіру және тергеу жұмыстары бағдарламамен байланысты нысандарды анықтауға мүмкіндік берген.
Мәлімдемеге сәйкес қауіпті заттар бойынша маманданған сириялық топ бұрынғы режимнің 2013 және 2017 жылдардағы шабуылдарда пайдаланылған оқ дәрілерге ұқсас әуеден тасталатын және жерден жерге атылатын оқ-дәрілерді тапқан.
Билік өкілдері сондай-ақ зарин газын өндіруге қолданылған материалдарды, араластыру және сақтау жабдықтарын, сонымен қатар әлі де сараптамадан өтіп жатқан басқа да химиялық заттарды тәркіледі.
Қауіпсіз нысандар
Сирияның Химиялық қаруға тыйым салу ұйымы жанындағы өкілдік тәркіленген барлық оқ-дәрі, жабдықтар мен заттардың өкілдіктің техникалық хатшылығына қарасты инспекциялық топтың тексеруінен кейін химиялық заттарды сақтау үшін арнайы белгіленген нысандарға жеткізілгенін хабарлады.
Мәлімдемеде 2017 жылы Хама уәлаятындағы Латамне аймағына жасалған шабуылда қолданылғанға ұқсас 54 әуе бомбасы мен 2013 жылы Шығыс Гута шабуылында пайдаланылғанға ұқсайтын оқ-дәрі анықталғаны айтылды.
Сирия билігі сондай-ақ бұрынғы режимнің химиялық қару бағдарламасымен байланысы бар 18 күдіктінің қамауға алынғанын мәлімдеді.
Қамауға алынғандардың арасында жоғары лауазымды әскери тұлғалар, Ғылыми зерттеулер және әзірлемелер орталығының бұрынғы мамандары, сондай-ақ химиялық қару бағдарламасына жауапты қауіпсіздік бөлімінің қызметкерлері бар екені хабарланды.
Башар Асад режимі Сириядағы азаматтық соғыс кезінде химиялық қару қолданғаны үшін халықаралық ұйымдар мен батыс елдері тарапынан бірнеше рет айыпталған болатын.













