Куәгерлер мен Палестинаның ресми ақпарат құралдарының хабарлауынша, Израиль күштері басып алынған Батыс Шерияның оңтүстігіндегі екі палестиналық елді мекенге рейд жүргізіп, кәсіпкерлерді дүкендерін жабуға мәжбүрлеген. Сондай-ақ жергілікті тұрғындарға шабуыл жасаған.
Рейд Құрбан айт қарсаңында елді мекен орталығы адамға лық толған кезде және Палестина үкіметі мемлекеттік қызметкерлердің жалақысының бір бөлігін төлегеннен кейін жүргізілген.
Әл-Халил қаласының оңтүстігіндегі Дура елді мекеніне де рейд жүргізілді. Куәгерлердің Анадолы агенттігіне берген сұқбатына қарағанда, Израиль күштерінің әскери көліктері халық көп жиналған елді мекен орталығына басып кіріп, көзден жас ағызатын газ қолданған және кәсіпкерлерді дүкендерін жабуға мәжбүрлеген.
Сондай-ақ куәгерлер сарбаздардың бірнеше жасөспірімді ұстап әкетіп, соққыға жыққаннан жеткізді.
«Палестина үні» радиосының хабарлауынша, Израиль күштері Бетлехемнің оңтүстігіндегі Бейт-Фаджар елді мекеніне рейд жүргізген. Рейд барысында палестиналық жастар мен Израиль күштері арасында қақтығыс болған.
Палестина әкімшілігінің мәліметіне сәйкес, израильдік басқыншылар сәуір айында басып алынған Шығыс Иерусалим мен Батыс Шерияда палестиналықтар мен олардың мүлкіне қарсы 540 шабуыл жасаған.
Ресми деректерге сәйкес, Израиль күштерінің Батыс Шерияға шабуылы салдарынан 1 162 палестиналық қаза тауып, 12 245 адам жараланған, ал шамамен 23 мың адам қамауға алынған.














