Еуропалық Одақ институттары 2025 жылдың 21 тамызында қабылданған Еуропалық Одақ пен Америка Құрама Штаттарының бірлескен мәлімдемесіндегі тарифке қатысты ережелерді іске асыруға арналған екі нормативтік құжат бойынша уақытша келісімге келді.
Бұл трансатлантикалық сауда пакетінің жекелеген бөліктерін ресми түрде бекітуге және екі серіктес арасындағы экономикалық байланыстарды нығайтуға бағытталған маңызды қадам ретінде бағаланып отыр.
Еуропалық Одақ Кеңесі мен Еуропалық парламент арасында жасалған келісім Еуропалық Одақ пен Америка Құрама Штаттары арасындағы сауда қатынастарын тұрақтандыруға, сондай-ақ Одақтың экономикалық мүдделеріне қауіп төнген жағдайда тиісті шаралар қабылдауға мүмкіндік береді.
Мәлімдемеге сәйкес, алғашқы құжат Америка Құрама Штаттарының өнеркәсіп тауарларға салған кедендік баждарын алып тастайды. Сонымен қатар тарифтік квоталар, жекелеген теңіз өнімдері мен ауыл шаруашылығы тауарларына төмендетілген тарифтер енгізу арқылы Американың экспорттық өнімдерінің бірқатарына берілетін жеңілдікті кеңейтеді.
Екінші құжат тұмсықты теңіз шаян өнімдерінің импортына салынатын кедендік баждарды тоқтату мерзімін ұзартады.
Уақытша келісім заңдық және техникалық тұрғыдан толық рәсімделгеннен кейін Еуропалық Одақ Кеңесі мен Еуропалық парламент тарапынан ресми түрде мақұлдануы тиіс.
Құжаттар Еуропалық Одақтың ресми газетінде жарияланғаннан кейін күшіне енеді. Тұмсықты теңіз шаянына қатысты шаралар 2025 жылдың 1 тамызынан бастап қолданылады.















