“Fars” ақпарат агенттігі Вашингтонның жексенбі күні бес тармақтан тұратын тізім ұсынғанын хабарлады. Онда Иранға тек бір ядролық нысанды жұмыс істеп тұруға рұқсат беру және жоғары деңгейде байытылған уран қорын АҚШ-қа тапсыру талабы қамтылған.
“Fars” мәліметінше, АҚШ Иранның шетелде бұғатталған активтерінің “25 пайызын болса да” босатудан немесе 28 ақпанда басталған соғыс кезінде Иранға келтірілген шығын үшін өтемақы төлеуден бас тартқан.
Хабарда АҚШ барлық майдандардағы қақтығыстардың тоқтатылуын келіссөздердің басталуына шарт етіп қойғаны айтылды.
“Mehr” ақпарат агенттігі: «АҚШ нақты ешқандай жеңілдік ұсынбастан, соғыс кезінде қол жеткізе алмаған талаптарын алуға тырысып отыр. Бұл келіссөздерді тығырыққа тірейді», - деп бағалады.
Иран өз ұсынысында Израильдің Ливанға қарсы соғысын қоса алғанда барлық майдандардағы соғыстың тоқтатылуын және 13 сәуірден бері Иран порттарына қарсы қолданылып келе жатқан АҚШ теңіз блокадасының алынуын талап еткен болатын.
Иран Сыртқы істер министрлігінің өткен аптадағы баспасөз мәслихатында хабарланғандай, Тегеран сондай-ақ АҚШ-тың барлық санкцияларының жойылуын және ұзақ уақыттан бері санкциялар аясында шетелде бұғатталған ирандық активтердің босатылуын талап етті.
“Fars” агенттігінің хабарлауынша, Иран өз ұсынысында соғыс басталғаннан бері көбіне жабық ұстап отырған Ормуз бұғазын бақылауды сақтап қалуға ерекше мән берген.
Иран Қарулы күштерінің өкілі Әбулфазл Шекарчи жексенбі күні АҚШ президенті Дональд Трампқа Иранға қарсы шабуылдарды қайта бастамау жөнінде ескерту жасады.
Мемлекеттік телеарнаның хабарлауынша, Шекарчи: «Амалсыз қалған Америка президенті мынаны білуі тиіс: егер оның қоқан-лоққылары іске асырылып, Иран қайтадан шабуылға ұшыраса, АҚШ ресурстары мен әскері бұрын-соңды болмаған, шабуылдаушы, күтпеген әрі күйреткіш сценарийлерге тап болады», - деді.


















