Иран билігі денсаулық жағдайының нашарлауына байланысты алаңдаушылықтың артуына орай Нобель Бейбітшілік сыйлығының лауреаты Наргиз Мохаммадиді кепілдікпен босатты. Мохаммади астана Тегерандағы ауруханаға жеткізілді.
Мохаммадинің қоры “X” желісі арқылы мәлімдеме жариялап, «Нобель Бейбітшілік сыйлығының иегері Наргиз Мохаммади Зенджанда 10 күн ауруханада жатқаннан кейін түрме жазасын уақытша тоқтата тұру туралы шешім қабылданды. Жедел жәрдеммен тасымалдау жұмыстары аяқталып, қазіргі уақытта ол емделу үшін Тегерандағы «Парс» ауруханасында жатыр», — деп хабарлады.
Сонымен қатар мәлімдемеде адвокаты Мұстафа Нилидің сөзіне сілтеме жасалып, билік медициналық ем қабылдауы үшін жазасын өтеуді уақытша тоқтатқаннан кейін Мохаммадидің жексенбі күні Зенджан ауруханасынан шығарылғаны атап өтілді.
Мохаммадидің Парижде тұратын жұбайы Таги Рахмани де “X” желісінде әйелінің «Парс» ауруханасына ауыстырылғанын растады.
Иранда өткен жылы еске алу рәсімі кезінде қамауға алынған Наргиз Мохаммади ақпан айында Мешхед соты тарапынан «Мемлекет қауіпсіздігіне қарсы қылмыс жасау мақсатында жиналу және сөз байласу» айыбымен 6 жылға, «насихаттық әрекет» айыбымен 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылып, қосымша жаза ретінде 2 жылға шетелге шығуға тыйым салу және 2 жылға жер аудару жазасына кесілген болатын. Мохаммади осы айдың басында денсаулығы сыр беріп, ауруханаға жатқызылған еді.











