АҚШ сенаторы Рэнд Пол АҚШ-тағы заңсыз мигранттардың балаларына туған сәттен автоматты түрде АҚШ азаматтығын беруді тоқтатуды көздейтін заңнама енгізу туралы ұсыныс жасады.
Рэнд Пол дүйсенбі күні «X» әлеуметтік желісінде: «Заңсыз мигранттардың АҚШ-та дүниеге келген балаларына азаматтық беру құқығын тоқтату үшін Конституцияға түзету енгізу туралы ұсыныс жасадым. Конституциядағы 14-түзету елге заңсыз кіруді марапаттау үшін қабылданған жоқ», – деп жазды.
Кентукки штатынан сайланған сенатор заңды және заңсыз көші-қонды бір-бірінен ажыратып, заңды көші-қонның тарихи тұрғыдан АҚШ-тың дамуына үлес қосқанын, ал заңсыз көші-қонның азаматтықтың артықшылықтарын пайдалану үшін қолданылып отырғанын айтты.
Пол: «Заңды көші-қон елді қалыптастырды. Ал заңсыз көші-қон жүйені өз пайдасына қолдану құралына айналды. Тек елде заңды түрде тұратын адамдардың балалары ғана автоматты түрде азаматтық алуы тиіс», - деді.
АҚШ президенті Дональд Трамп өткен жылы қызметіне кіріскеннен кейін көп ұзамай заңсыз мигрант ананың АҚШ аумағында дүниеге келген балаларына азаматтық беруді тоқтатуға бағытталған президенттік жарлыққа қол қойған.
Бұл жарлық азаматтық ұйымдар мен АҚШ-тың бірнеше штаты тарапынан дау тудырды.
АҚШ Конституциясындағы 14-түзету 1868 жылы Америкадағы Азаматтық соғыстан кейін қабылданған. Онда АҚШ-та туған немесе азаматтық алған және елдің юрисдикциясына бағынатын барлық адамдардың Америка азаматы болып саналатыны көрсетілген.
















