«The New York Times» газетінің хабарлауынша, Израиль Иранға қарсы операцияларды қолдау үшін Ирактың батысындағы шөлді аймақта екі құпия әскери база құрған.
Басылым ирактық және аймақтық дереккөздерге сілтеме жасап, анықталған жаңа нысандардың бірі Израильдің бір жылдан бері Ирак аумағында пайдаланып келген екі жасырын базаның бірі екенін жазды.
Шенеуніктердің айтуынша, бұл нысандар негізінен әуе қолдауы, жанармай құю және медициналық көмек ұйымдастыру үшін пайдаланылған. База 2025 жылдың маусымында Иранға қарсы 12 күндік соғыс барысында да маңызды рөл атқарған.
Нысандардың бірі ирактық шопан Авад әл-Шаммари наурыз айында Әл-Нукайб маңында әдеттен тыс әскери әрекеттерді байқағаннан кейін анықталды. Әл-Шаммари тікұшақтарды, шатырларды және ұшу-қону жолағына ұқсайтын нысанды көрген соң жергілікті билікке хабар берген.
Ақпаратта кейін Әл-Шаммаридің мәйіті табылғаны, ал аумақты тексеруге жіберілген Ирак әскерлерінің оққа ұшқаны айтылды. Салдарынан бір әскери қызметкер қаза тауып, екі әскери қызметкер жараланған.
«The Wall Street Journal» осы айдың басында Израильдің осы өңірде құпия әскери нысан құрғанын хабарлаған болатын.
Алайда Ирактың жоғары лауазымды қауіпсіздік қызметкері Анадолы агенттігіне берген сұхбатында Ирактың батысындағы шөлде Израильдің әскери әрекеттері туралы ақпараттың шындыққа жанаспайтынын айтты.
Сонымен қатар ол Ирак күштері наурыз айында Әл-Нукайб шөлді аймағында жұмбақ әуе десанты операциясына тап болғанын және сол кезде оқиғаға байланысты қажетті шаралардың қабылданғанын жеткізді.

















