Иран АҚШ ұсынысына берген жауабын делдалдарға жолдады. Иран БАҚ-тары АҚШ- тың ұсынысы «Иранның Трамптың шектен тыс талаптарына берілуі» дегенді білдіретінін, сондықтан Тегеранның бұл ұсынысты қабылдамағанын хабарлады. АҚШ президенті Дональд Трамп та Иранның жауабын қабылдауға болмайтынын білдірді.
Тегеран Вашингтонның ұсынысына қатысты жауабын Пәкістан арқылы жолдады. Жауаптың мазмұны Иран және АҚШ баспасөзінде әртүрлі сипатталды.
«АҚШ-тың ұсынысы — бас ию»
Иран медиасында АҚШ- тың ұсынысы Тегеранның Трамптың шектен тыс талаптарына бағынуын білдіретіні атап өтіліп, Иран билігінің бұл ұсынысты қабылдамағаны айтылды.
Иранның жартылай ресми “TASNIM” агенттігінің мәліметінше, Тегеран талаптарының бірі — Ормуз бұғазындағы америкалық қоршауды алып тастау. Бұдан бөлек, соғысты барлық бағытта дереу тоқтату және шабуыл жасамау кепілдігі де талаптардың қатарында. Иран сондай-ақ мұнай сатуға тыйым салатын санкцияларды 30 күн ішінде алып тастауды талап етті. Сонымен қатар Иранның ұсынысында АҚШ-тың соғыс өтемақысын төлеуі және Иранның Ормуз бұғазы үстіндегі егемендігін мойындауы секілді тармақтар да бар екені хабарланды.
АҚШ баспасөзі болса, Тегеран теңіз қоршауын алып тастауға жауап ретінде Ормуз бұғазын коммерциялық кеме қатынасына кезең-кезеңімен қайта ашуды ұсынғанын жазды. Сонымен бірге Иранның уран байытуды АҚШ ұсынған 20 жылдық мораторийден қысқа мерзімге тоқтатуға дайын екені, алайда ядролық нысандарын жоюдан бас тартқаны айтылды.
“Bloomberg” агенттігінің мәліметінше, Иранның соңғы ұсынысы жоғары деңгейде байытылған уранның бір бөлігін сұйылтып, қалғанын үшінші елге жіберуді көздейді. Алайда келіссөздер сәтсіз аяқталған жағдайда бұл уранның қайта қайтарылуына кепілдік талап етілген.
«Мүлде ұнамады, қабылдауға болмайды»
АҚШ президенті Дональд Трамп “Truth Social” желісіндегі жазбасында Иранның ұсынысын «мүлде қабылдауға болмайды» деді. Сонымен қатар Трамп “Axios” тілшісі Барак Равидпен телефон арқылы сөйлескенде Тегеранның жауабын «еш құны жоқ» деп бағалады.
Трамп Иранның 47 жылдан бері АҚШ-пен «ойнап келе жатқанын» айтып, бұрынғы президент Барак Обама Иранмен жасаған ядролық келісімді де Иранның жетістігі ретінде сипаттады.
Трамп Иранмен келісімге қол жеткізілмесе, «Бостандық жобасы» операциясын әлдеқайда ауқымды түрде қайта бастай алатындарын айтып, «Онда бұл “Бостандық жобасы +” болады» деп ескертті. Ол сондай-ақ Ирандағы уранның орналасқан жерін ғарыштан анықталғанын, Иран ол жерге жақындаған жағдайда соққы берілетінін мәлімдеді.
«Біздің мақсат — Трампты қанағаттандыру емес»
Иран тарапы Трамптың мәлімдемесіне жауап ретінде: «Біздің мақсатымыз — Трампты қанағаттандыру емес», - деді.
Үдерісте Израиль ықпалы да айқын сезілуде. Нетаньяху Вашингтонға Иранның ядролық бағдарламасын толық тоқтатпайтын ешқандай келісімді қабылдамайтындарын жеткізгені айтылды. Дереккөздерге сәйкес, Тель-Авив Тегеран бұл процесті уақыт ұту үшін пайдаланып отыр деп ескерткен.
Қоршау жалғасуда
АҚШ Әскери-теңіз күштері бүгінге дейін Иран порттарына кіріп-шығуға тырысқан 57 коммерциялық кемені басқа бағыттарға бұрғанын, ал 4 кемені тоқтатқанын мәлімдеді.
“Wall Street Journal” басылымы Пәкістан астанасы Исламабадта өтетін «келіссөздердің алғашқы ықтимал мерзімі — келесі апта» екенін жазды.











