Нетаньяху жексенбі күні «CBS News» арнасына берген сұхбатында: «Біздің қол жеткізген нәтижелеріміз аз емес. Алайда Иранда шығарылуы немесе жойылуы тиіс ядролық материал яғни байытылған уран әлі де бар. Сондықтан бұл мәселе әлі толық шешілген жоқ», - деді.
Нетаньяхудың айтуынша, АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғыстағы негізгі мақсаттарының бірі — уран байыту инфрақұрылымын толық жою, сондай-ақ Иранның зымыран бағдарламасы мен өңірдегі сенімді күш желілерін қайта қалпына келтіруіне жол бермеу.
Нетаньяху әскери жоспар туралы айтудан бас тартып, байытылған уран қорына қатысты: «Оған кіріп, толықтай жоясыздар», - деді.
Израиль бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, АҚШ президенті Дональд Трамп Нетаньяхуға байытылған уран қоры мәселесінде ешқандай ымыраға жол берілмейтініне кепілдік берген.
АҚШ тарапынан көрсетілетін көмекті қайта қарау
Нетаньяху сондай-ақ Израильдің қазіргі кезде жыл сайын 3,8 миллиард доллар көлемінде АҚШ-тан алатын әскери көмекке тәуелділігін біртіндеп тоқтатуды қалайтынын жеткізді.
«Әскери тәуелділіктен арылып, көмектен стратегиялық әріптестікке көшетін уақыт келді деп ойлаймын», - деген Нетаньяху бұл үшін он жылдық жоспар ұсынды.
Нетаньяху: «Қытай Иранның зымыран өндірісіне белгілі бір деңгейде қолдау көрсетіп отыр»,- деп мәлімдеп, әлеуметтік желінің ықпалына байланысты АҚШ-та Израильге деген қолдаудың әлсіреуіне алаңдаушылық білдірді.
Ал Иран жексенбі күні АҚШ-тың соңғы бейбітшілік жоспарына берген жауабында Вашингтоннан өтемақы талап етіп, Ормуз бұғазына қатысты егемендік құқығын атап өтті.

Тегеран өз жауабында АҚШ-тың ұсынысын «Иран халқының негізгі құқықтарын елемейтін шектен тыс талаптар» деп сипаттады.










