Түркия Президент аппараты жанындағы Коммуникация басқармасы Түркияның төрағалығымен 7-8 шілдеде Анкарада өтетін НАТО-ға мүше мемлекет басшыларының саммитіне орай Еуропадағы одақтас елдердің бас қалаларында іс-шаралар өткізіп келеді. Осы аяда Мадрид, Париж, Лондон, Варшава және Римнен кейін Бельгия астанасы Брюссельде жоғары деңгейдегі бағдарлама ұйымдастырылды.
Іс-шара аясында алдымен Түркияның НАТО жанындағы Тұрақты өкілдігінде БАҚ өкілдерімен кездесу өтті. Баспасөз мәслихатында журналистердің әлемдік жағдайдың НАТО-ға әсері мен Анкарада өтетін НАТО саммитіне қатысты Түркияның үміттері жөніндегі сұрақтарына жауап берілді.
Бағдарлама маңызды тұлғалардың қатысуымен өткен панельдік отырыспен жалғасты. Панельді НАТО Бас хатшысының орынбасары Радмила Шекеринска ашты.
Хасан Калйонджу университеті оқытушысы әрі «SETA» аға зерттеушісі доктор Мурат Аслан жүргізген панельде Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің Ұлттық қорғаныс комиссиясының төрағасы және бұрынғы Ұлттық Қорғаныс министрі Хулуси Акар, Түркияның НАТО жанындағы тұрақты өкілі, елші Басат Өзтүрік, НАТО Бас хатшысының операциялар жөніндегі орынбасары Бурджу Сан және Бельгия Әуе күштерінің стратегия жөніндегі директоры генерал-майор Харольд Ван Пее баяндама жасады.
Панельге Брюссельде қызмет атқаратын дипломатия өкілдері, қауіпсіздік пен сыртқы саясат сарапшылары, ғалымдар мен сараптама орталықтарының өкілдері қатысты.
Панель барысында халықаралық аренадағы өзгерістер кезеңінде Түркия мен НАТО-ның ұстанымы және Түркияның бұл үдеріске НАТО аясында қандай үлес қоса алатыны талқыланды.
Сондай-ақ қатысушылар 2026 жылдың шілдесінде Анкарада өтетін НАТО саммитінен не күтетінін айтып, НАТО-ның болашағы қалай қалыптасатыны және Түркияның Еуропа қауіпсіздігіндегі рөлі туралы пікір білдірді.




















