Түркия Республикасы Сыртқы істер министрлігі Грекияда 19 мамырда ұйымдастырылған кейбір іс-шаралар мен жасалған мәлімдемелерге байланысты жазбаша түсініктеме берді.
Мәлімдемеде мынадай тұжырымдарға орын берілген: «Түркия Республикасының негізін қалаушы Ұлы Көшбасшы Мұстафа Кемал Ататүріктің Самсун қаласына шығып, арасында Грекия да бар басқыншы күштерге қарсы ұлт-азаттық күресті бастаған тарихи күні — 1919 жылдың 19 мамыры түрік халқы тарапынан «Ататүрікті еске алу, Жастар және спорт мерекесі» аясында зор ықыласпен тойланып жатқаны атап өтілді.
Грекия 1994 жылы «Понт» байбаламына қатысты ұлттық деңгейде қабылдаған заңнамасы арқылы елімізге қарсы құқықтық негізден жұрдай айыптаулар тағып келеді. Олар бұл негізсіз уәждерін еш қымсынбастан үнемі кеңейтіп, Білім министрлігінің нұсқаулығымен ел көлеміндегі бастауыш және орта мектептерде балаларға пән ретінде оқытуда.
“Megali Idea” қиялын іске асыру мақсатында бастаған басқыншылық жорығы сәтсіз аяқталған Грекия елімізге бағытталған негізсіз «Понт» мәселесін қоздыру арқылы өз басынан кешкен масқара жеңілісі мен жасаған ауыр айуандық қылмыстарының ізін жасыруға тырысуда. Грек армиясының жасаған соғыс қылмыстары мен көрсеткен зорлық-зомбылықтары Одақтас мемлекеттердің тергеу комиссиясының есептерінде және Лозанна бейбітшілік келісімінің 59-бабында ресми түрде хатталып, бекітілген.
Грек билігі саяси мүдделерді күйттеп, тарихты бұрмалауды доғаруы тиіс. Оның орнына 1821 жылғы Триполица қырғынынан бастап түріктер мен басқа да этникалық топтарға қарсы жасалған айуандық қылмыстарды, сондай-ақ 1919 жылдың 15 мамырында Измирді басып алу әрекетімен басталып, Батыс Анадолыдағы түріктер мен өзге де ұлыстарға қарсы жүргізілген зұлымдықтарды еске алуы керек.
Грекияны шындықты бұрмалап, тарихтан өшпенділік іздеудің орнына екіжақты қарым-қатынастарымызды бейбітшілік пен ынтымақтастық аясында дамытуға септігін тигізетін сындарлы ұстаным танытуға шақырамыз».





















