АҚШ президенті Дональд Трамп қызметінен кетпес бұрын Куба мәселесін шешкісі келетінін мәлімдеді. Ол Кариб теңізінде орналасқан арал мемлекетіне қарсы әскери күш қолдану мүмкіндігін міндетті түрде қарастыратынын айтты.
Бейсенбі күні «Salem News Channel» телеарнасына берген сұхбатында Трамптан «Президенттік мерзімі аяқталғанға дейін Кубаға әскери операцияға рұқсат бере ме?» деген сұрақ қойылды. Бұған сауалға ол: «Қызметтен кетпес бұрын Куба мәселесін шешкім келеді», – деп жауап берді.
Журналистерге берген мәлімдемесінде Трамп: «Біз жағдайды мұқият бақылап отырмыз. Ондағы жағдай өте нашар. Куба басқару жүйесі әлсіреген мемлекетке айналды», – деді.
Трамп ата-анасы Кубадан шыққан АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубионы жоғары бағалап, оның да бұл мәселені шешуге мүдделі екенін айтты.
«Мен мұны халық үшін яғни Кубада ауыр қиындықтарға тап болып, кейін АҚШ-қа бас сауғалап келген кубалықтар үшін жасағым келеді», – деді Трамп.
«Дағдарысқа ұшыраған мемлекет»
Трамптың екінші президенттік мерзімінде АҚШ әкімшілігі Кубаға қысымды күшейтті.
Бұған дейін Трамп БҰҰ Бас Ассамблеясында Кубаны «Дағдарысқа ұшыраған мемлекет» деп атап, «Кубаға еркіндік келеді» деген болатын. Осы мәлімдемеден кейін Куба делегациясы залдан шығып кеткен еді.
АҚШ енгізген мұнай блокадасы Кубаның жағдайын одан әрі қиындатты. Елде инфрақұрылым дағдарысы салдарынан жанармай тапшылығы күшейіп, электр энергиясы жиі өшіп жатыр.
БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі сарапшылары АҚШ-тың Кубаға қарсы мұнай блокадасын халықаралық құқықты бұзу деп бағалап, оны айыптады.



















