Энергетика және табиғи ресурстар министрі Алпарслан Байрактар Сауд Арабиясымен Электр энергетикасы жобаларындағы ынтымақтастық туралы өзара түсіністік меморандумына қол қойылғанын және «ACWA Power» компаниясы Түркияда екі кезеңде дамытатын жалпы қуаты 5 мың мегаватт болатын жаңартылатын энергия жобаларының негізгі шеңберін айқындағандарын хабарлады.
Байрактар «X» әлеуметтік желісіндегі парақшасында жасаған жазбасында президент Режеп Тайып Ердоғанның Сауд Арабиясының Энергетика министрі Абдулазиз бен Салман Әл Саудты қабылдауына қатысқанын атап өтті.
Қабылдаудан кейін президент Ердоғанның қатысуымен Электр энергетикасы жобаларындағы ынтымақтастық туралы өзара түсіністік меморандумына қол қойылғанын хабарлаған Байрактар «3 ақпанда Эр-Риядта қол қойылып, 21 қазанда күшіне енген үкіметаралық келісім аясында «ACWA Power» компаниясы елімізде екі кезеңде дамытатын жалпы қуаты 5 мың мегаватт болатын жаңартылатын энергия жобаларының шеңберін белгіледік. Алғашқы кезеңді құрайтын Сивас пен Карамандағы жалпы қуаты 2 мың мегаватт болатын күн энергиясы жобаларында қол жеткізілген ілгерілеуге ризашылығымызды білдіреміз. Бүгін Анталияда қол қойылған құжатпен екінші кезеңде көзделген 3 мың мегаватт қосымша қуатты жүзеге асыру бағытындағы жұмыстарымызды жаңа деңгейге көтереміз. Бұл орайда жоғары кернеулі тұрақты ток тасымалдау инфрақұрылымымен және батареялық энергия сақтау жүйелерімен қамтамасыз етілетін жел электр станцияларын дамытуды көздеп отырмыз. Жаңартылатын энергия қуатымызды арттыра отырып, электр желісі инфрақұрылымымызды нығайтатын және жүйелік икемділікті дамытатын осы инвестициялар арқылы Сауд Арабиясымен стратегиялық энергетикалық ынтымақтастығымызды тереңдете түсеміз. Түркияның энергетикалық трансформациясына және инвестициялық ортасына деген сенімді нақты жобаларға айналдыруды жалғастырамыз» деді.






















