Кеше бірқатар елдің көшбасшыларын қабылдаған президент Ердоған бүгін Қытай Мемлекет басшысының орынбасары Хань Чжэнмен кездесті.
Кездесуге Сыртқы істер министрі Хакан Фидан, Денсаулық сақтау министрі Кемал Мемишоғлу, Өнеркәсіп және технологиялар министрі Мехмет Фатих Каджыр, Сауда министрі Өмер Болат, Әділет және даму партиясы төрағасының орынбасары әрі партияның баспасөз хатшысы Өмер Челик, Ұлттық барлау ұйымының басшысы Ибрахим Калын, Президент аппаратының Коммуникация басқармасының басшысы Бурханеттин Дуран, Президенттің жеке хатшылығының директоры Хасан Доған, Президенттің сыртқы саясат және қауіпсіздік мәселелері жөніндегі бас кеңесшісі Акиф Чағатай Кылыч және Президент жанындағы Қауіпсіздік және сыртқы саясат кеңесі төрағасының орынбасары Чағры Эрхан қатысты.
Президент Ердоғанның кешегі кездесулері
Президент аппараты жанындағы Коммуникация басқармасы президент Ердоғанның БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришпен кездесуінде өңірлік және жаһандық мәселелер талқыланғанын хабарлады.
Президент Ердоған Түркия ретінде COP31 төрағалығын қабылдауға қуанышты екендерін, табысты конференция өткізу үшін қажетті дайындықтардың аяқталғанын және Түркиядағы бұл жиынның климатқа байланысты проблемаларды шешу үшін жаңа бастама нүктесі болатынына үміттенетіндерін атап өтті.
Ердоған Түркия ретінде Иран-АҚШ келіспеушілігіне қатысты өршіп бара жатқан шиеленісті бәсеңдету және мәселелердің келісім мен дипломатия жолымен шешілуін қамтамасыз ету үшін өңір елдерімен бірлескен күш-жігерді жалғастырып жатқандарын жеткізді.
Президент Ердоған Украина-Ресей соғысын тоқтату бағытында да жұмыс істеп жатқандарын және жаңа диалог процесіне қолдау көрсетуге дайын екендерін мәлімдеді.
Кездесу барысында Ердоған мен Гутерриш Газа, Кипр және Ливиядағы соңғы ахуалды да талқылады.
Эфиопия
Президент Ердоған Эфиопия премьер-министрі Абий Ахмедті қабылдады.
Түркия-Эфиопия екіжақты қарым-қатынастары мен өңірлік мәселелер талқыланған қабылдауда президент Ердоған Түркия мен Эфиопияның сауда мен инвестицияларды қоса алғанда, көптеген саладағы ынтымақтастықты ілгерілету бағытында қадам басуды жалғастыратынын атап өтті.
Эфиопияның өз өңіріндегі тыныштығы мен тұрақтылығы үшін Түркияның қолдауы жалғасатынын білдірген Ердоған Түркиядан кейін COP32 конференциясына төрағалық ететініне байланысты Эфиопия премьер-министрін құттықтады.
Сауд Арабиясы
Ердоған Сауд Арабиясының Энергетика министрі Абдулазиз бен Салман Әл Саудты қабылдады.
Қабылдау барысында екі ел арасында жасалған келісімге Энергетика және табиғи ресурстар министрі Алпарслан Байрактар қол қойды.
Бразилия
Президент Ердоған COP31 саммиті аясында Анталияда Бразилия президенті Луис Инасиу Лула да Силвамен кездесті. Көшбасшылар Түркия-Бразилия екіжақты қарым-қатынастарын, сондай-ақ өңірлік және жаһандық оқиғаларды талқылады.
Президент Ердоған кездесуде Түркия мен Бразилияның келесі жылы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 100 жыл толуын атап өтетінін, жаңа кезеңде екі ел арасындағы ынтымақтастық деңгейін арттыратын, сауда мен қорғаныс өнеркәсібін қоса алғанда, көптеген салада байланыстарды дамытатын қадам басуды жалғастыратынын мәлімдеді.
Президент халықаралық мәселелерде екі елдің де бейбітшілікті алдыңғы орынға қоятын ұстаным танытатынын, өзара ынтымақтастық пен ниеттестіктің жалғасуы маңызды екенін жеткізді.
Президент Ердоған COP30 төрағалығы кезінде Бразилияның климаттық келіссөздерде қол жеткізген жетістіктерін Түркия ретінде одан әрі ілгерілетуді көздейтіндерін, сондай-ақ COP31 конференциясын қабылданған шешімдерді іс жүзінде жүзеге асыруға бағытталған жиын ретінде жоспарлағандарын баса айтты.
Президент кездесу барысында Бразилия президенті Лула да Силваны сайлаудағы жеңісімен де құттықтады.
Бангладеш
Президент Режеп Тайып Ердоған Анталияда Бангладеш премьер-министрі Тарик Рахманды қабылдады. Кездесуде Түркия-Бангладеш екіжақты қарым-қатынастары мен өңірлік мәселелер талқыланды.
Президент Ердоған кездесуде Түркия мен Бангладештің сауда мен қорғаныс өнеркәсібін қоса алғанда, көптеген саладағы ынтымақтастықты дамыту бағытында қадам басуды жалғастыруы тиімді болатынын атап өтті.
Президент Түркия ретінде Кокс-Базардағы гуманитарлық ахуалдың халықаралық қауымдастықтың күн тәртібінде сақталуы үшін күш-жігерлерін жалғастырып жатқандарын жеткізді.
Президент Ердоған климат өзгерісінің салдары айқын байқалатын Бангладештің су тасқынын басқару және төзімді инфрақұрылым сияқты жобалық қажеттіліктерін өтеу мәселесі де COP31 конференциясының күн тәртібіндегі тақырыптардың қатарында екенін, осындай проблемаларды шешуге «Климаттық іске асыру көпірі» бастамасының септігі тиеді деп күтетіндерін мәлімдеді.
Түрікменстан
Президент Режеп Тайып Ердоған COP31 саммиті аясында Түрікменстан Халық Мәслихатының Төрағасы Құрбанқұлы Бердімұхамедовті қабылдады. Көшбасшылар Түркия-Түрікменстан екіжақты қарым-қатынастарын, сондай-ақ өңірлік және жаһандық оқиғаларды талқылады.
Президент Ердоған кездесуде Түркия мен Түрікменстан арасындағы ынтымақтастықты арттыру және қарым-қатынастардың деңгейін көтеру бағытында қадам басуды жалғастыратындарын, әсіресе энергетика, сауда, қорғаныс өнеркәсібі және инвестиция салаларындағы жұмыстарды қарқындату қажеттігін баса айтты.
Президент Түркі Мемлекеттері Ұйымының барған сайын нығайып келе жатқанын, Анкара саммитінде де Ұйымның стратегиялық маңызы кеңірек мойындала түскені тағы бір мәрте дәлелденгенін және Түрікменстанның Отбасылық кеңесімізге (Түркі мемлекеттері ұйымына) толыққанды мүше ретінде қосылуын тілейтіндерін жеткізді.





















