Ресей мен Украина арасындағы соғысты тоқтату мақсатында Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасы Абу-Дабиде Ресей, АҚШ және Украина арасындағы үшжақты келіссөздердің екінші күні басталды.
Ресейдің «ТАСС» ақпарат агенттігінің хабарлауынша, кеше басталған келіссөздер аясында Ресей, АҚШ және Украина делегациялары бүгін қайта бас қосты.
Келіссөздерде Ресей делегациясын Ресей президенті Владимир Путиннің кеңесшісі Владимир Мединский, ал Украина делегациясын Украинаның Сыртқы барлау қызметінің басшысы Рүстем Умеров басқарады.
Келіссөздерге АҚШ президенті Дональд Трамптың өкілдері Стив Уиткофф пен Джаред Кушнер де қатысуда. Кездесулер аяқталғаннан кейін делегациялар баспасөз мәслихатын өткізбек.
Украинаның Сыртқы барлау қызметінің басшысы Рүстем Умеров әлеуметтік желідегі жазбасында Абу-Дабидегі үшжақты келіссөздердің екінші күні басталғанын хабарлады.
«Алдымен АҚШ және Ресей өкілдерімен үшжақты кездесу өткіземіз. Одан кейін еуропалық одақтастарымызбен бөлек кездесу ұйымдастырамыз», – деді Умеров.
Үшжақты келіссөздер
Шамамен төрт сағатқа созылған келіссөздердің алғашқы күнінде Украинадағы дағдарыс шешілгеннен кейін аймақтық қауіпсіздік жүйесін құру мәселелері талқыланған болатын.
Украина президенті Владимир Зеленский кеше өткен келіссөздерде 1000 немесе 1500-ге жуық тұтқын алмасу мәселесі көтерілгенін мәлімдеді.
Украина келіссөздерге Еуропа елдерінің өкілдері де қатысуы керек деп есептейді. Ал Ресей бұл ұсынысқа қарсы.






















