Eуропалық қайта құру және даму банкі алдағы бес жылда Түркияның Жаңартылатын энергия көздерін дамытуды жеделдету және таза энергияға көшу платформасы аясындағы жобаларға 6 миллиард доллар инвестиция салуды жоспарлап отырғанын хабарлады.
Бұл платформа Анталияда өткен БҰҰ-ның климаттың өзгеруі жөніндегі COP31 конференциясы аясында ұйымдастырылған арнайы іс-шарада іске қосылды. Банк Түркияның Энергетика және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесіп, бастаманы әзірлеуге атсалысты.
Түркияның Жаңартылатын энергия көздерін дамытуды жеделдету және таза энергияға көшу платформасы COP31 конференциясының «35-ке 35» жаһандық электрлендіру міндеттемесіне сәйкес, 2040 жылға дейін жаңартылатын энергия өндіру, электр желілерінің инфрақұрылымын дамыту, энергия сақтау жүйелері, энергетикалық жүйенің икемділігін арттыру, өндіріс және электрлендіру салаларына 300 миллиард доллар көлемінде қаржы тартуды көздейді.
Бұл бастама Түркияның 2040 жылға қарай күн және жел электр станцияларының жалпы қуатын 175 гигаватқа жеткізуді қолдайды.
Платформа жобаларды іске асыру және қаржыландыру жұмыстарын үйлестіру үшін мемлекеттік мекемелерді, даму саласындағы серіктестерді, қаржы ұйымдарын, инвесторлар мен жеке сектор өкілдерін біріктіреді.
ЕО Даму банкі президенті Одиль Рено-Бассо банктің Түркияның энергетика саласындағы тәжірибесіне сүйене отырып, инвестициялық және сараптамалық қолдау арқылы елдің таза энергияға көшуіне үлес қосатынын мәлімдеді.
«Түркия энергетикалық жүйені жаңғырту бағытында ауқымды мақсаттар қойып отыр», – деді Рено-Бассо.
Ол Түркияның бұл мақсаттарды нақты инвестициялар мен іс-шараларға айналдыруға деген ұмтылысын жоғары бағалады. Сондай-ақ түрік серіктестермен ынтымақтастықтың маңызын атап өтіп, банктің Түркиядағы «Өнеркәсіпті көміртексіздендіру инвестициялық платформасы» аясында жинақтаған тәжірибесіне назар аударды.
Бастаманы қолдайтын ұйымдар қатарында Еуропалық Одақ, Дүниежүзілік банк, Халықаралық қаржы корпорациясы , «Таза нөлдік шығарындыларға қол жеткізу жөніндегі Глазго қаржы альянсы», Климаттық инвестициялық қорлар, Германияның «KfW» даму банкі және БҰҰ-ның Өнеркәсіптік даму ұйымы бар.
Еуропалық қайта құру және даму банкі – Түркиядағы ең ірі институционалдық инвесторлардың бірі. Банк осы уақытқа дейін ел экономикасына 28,8 миллиард доллардан астам инвестиция салған.





















