Иран Ислам революциясы сақшылар корпусы Бахрейндегі АҚШ-қа тиесілі ерте ескерту радиолокациялық станциясына соққы жасап, оны жойғанын мәлімдеді.
Корпустың мәлімдемесіне сәйкес, кеше түнде қарсылас күштер Хормозган уәлаятының Сирик қаласындағы байланыс мұнарасына әуеден шабуыл жасаған. Бұған жауап ретінде Иран Ислам революциясы сақшылар корпусының Әуе күштері Бахрейндегі АҚШ-тың ерте ескерту радарына соққы берген.
Мәлімдемеде бұл шабуыл АҚШ-қа қатаң ескерту екені атап өтілді. Сондай-ақ мұндай әрекеттер қайталанса, Иранның жауап беруге дайын екені айтылды.
Ислам революциясы сақшылар корпусы АҚШ-тың нұсқауымен әрекет етіп, заң бұзушылықтарға барған компанияларға бұдан да қатаң санкциялар қолданылатынын ескертті.
АҚШ күштері мен Бахрейн билігі әзірге бұл шабуылға қатысты мәлімдеме жасаған жоқ.
Бұған дейін Иранның ресми «IRNA» ақпарат агенттігі түнгі уақытта қарсылас күштердің Сирик қаласына шабуыл жасағанын хабарлаған болатын.




















