Алайда бұл жаһандық платформалар олардың қауіпсіздігін қорғау үшін бе, әлде пәк көңілдерін саудалап, табыс табу үшін бейімделген бе?
Австралия бұл ағынға тұсау салды, Қытай шектеу енгізді, ал Түркия қозғалысқа көшуде...
Ендігі кезекте осы рухани зауал мен зиянның құнын кім өтейді? Перзенті үшін шырылдаған ата-ана ма, әлде алып цифрлық империялар ма? Келіңіз, бұл сауалдың жауабын бірге іздеп көрейік...
…
Бүгін «TRT World» арнасында жарық көрген Эмре Йыланжыктың дәл осы атпен жазылған терең мазмұнды мақаласын назарларыңызға ұсынамыз. Цифрлық әлемде балаларымызды аңдыған қатерлер мен бұл жауапкершіліктің кімнің иығына жүктелетіні төңірегінде ой өрбітпекпіз.
Бүгінде дүние жүзі мемлекеттері балалардың әлеуметтік желі қолдануын заңмен реттеуге көшіп, негізгі жауапкершілікті ата-анадан алып, тікелей цифрлық платформалардың мойнына артуда. Австралиядан Ұлыбританияға, Норвегиядан Түркияға дейінгі көптеген ел бір арнада тоғысып отыр: балалардың әлеуметтік желі кесірінен шегетін зиянын тек ата-ананың қарауылдығымен ғана ауыздықтау мүмкін емес.
Негізгі жауапкершілік виртуалды кеңістікті жобалап, оны басқарып отырған және сол арқылы орасан зор пайдаға кенеліп жатқан цифрлық алпауыттарға жүктелуі тиіс.
Зейін экономикасы және сананы торлаған айла-шарғылар
Балалар әлеуметтік желіні жай ғана «тұтынушы» емес; платформалар оларға үздіксіз бағыт беріп, қызықтырып, өзіне байлап ұстайды.
Таспаны төмен қарай жылжыту (скроллинг), алгоритмдік ұсыныстар жүйесі және сыйақы беру айналымы — бәрі де адам зейінін ұрлауға негізделген «зейін экономикасын» сақтау үшін әдейі жасалған. Тіпті триллиондаған доллары бар бұл алып машиналармен ата-аналардың жалғыз күресуін күту қисынға да келмейді, әділетті де емес.
Ғылыми зерттеулер әлеуметтік желіге тым әуес болудың балалар бойында мазасыздық, депрессия, ұйқының бұзылуы, зейіннің шашырауы мен ас ішу мінез-құлқының бұзылуы секілді жайттарға жол ашатынын айғақтап отыр.
«Аңду капитализмі» мен «Текнофеодализм» ұғымдары
Шошана Зубоффтың «аңду капитализмі» тұжырымдамасына сүйенсек, әлеуметтік желі платформалары қолданушының әрбір мінез-құлқын жинақтап, оның болашақ қадамдарын болжайды және мұны мақсатты жарнама арқылы ақшаға айналдырады.
Бұл жүйеде балалар тек қорғансыз қолданушы ғана емес, сонымен бірге құнды мәліметтер (дата) көзі болып табылады. Алгоритмдер баланың нені жақсы көретінін ғана біліп қоймайды, оның болашақта нені қалайтынын да бағдарлап, санасын қалыптастырады.
Сондықтан қазіргі құқықтық реттеулер балалардан мәлімет жинауға шектеу қоюды, мақсатты жарнамаларға тыйым салуды, ұсыныстар алгоритмін ашық етуді және тәуелділікті арттыратын виртуалды архитектуралық дизайнды бұғаттауды көздейді.
Янис Варуфакистің «текнофеодализм» идеясы болса, бұл ортадағы биліктің теңсіздігін айқын көрсетеді. Цифрлық платформалар орта ғасырдағы феодалдық иеліктерге ұқсайды; қолданушылар бұл кеңістіктің қожайыны емес, тек платформа иелері белгілеген ережелер аясында ғана уақытша кіру құқығына ие «басыбайлы шаруалар» іспетті.
Балалардың әлеуметтік қарым-қатынасы мен білім алу тәжірибесі демократиялық бақылаудың орнына, көрінбейтін алгоритмдер арқылы басқарылуда. Демек ата-ананың отбасындағы беделі үнемі іске қосылып тұратын, құдыретті әрі тылсым алгоритмдермен бәсекеге түсуге қауқарсыз.
Ал әлем бұл жағдайға қалай жауап қатуда?
Австралия 16 жасқа толмағандарға әлеуметтік желіні пайдалануға мүлдем тыйым салды; егер платформалар жас шамасын тексермесе, 32 миллион долларға дейін айыппұл арқалайды. Ұлыбританияда «Ofcom» мекемесі компаниялардың жаһандық айналымының 10 пайызына дейін айыппұл сала алады. Еуропа Парламенті 16 жас шегін белгіледі. Франция 15 жасқа дейінгілерге толық тыйым салуды талқылап жатса, Испания 16 жасқа толмағандарға ата-ананың рұқсатын міндеттеді.
Ал бұл бағытта ең қатал бақылауды Қытай енгізді: 14 жасқа дейінгі балалар үшін экран уақыты күніне 40 минуттан аспауы тиіс және түнгі 22:00 мен таңғы 06:00 аралығында интернетке кіруге толықтай тыйым салынған.
«TikTok» желісі Қытайда «Douyin» деген мүлдем бөлек атаумен жұмыс істейді және ол тек танымдық әрі білім беретін контентке бағытталған. Франция президенті Макрон Қытайдың «TikTok» арқылы бүкіл әлем балаларының зейінін шашыратып, санасын улап жатқанын, ал өз балаларына «Douyin» арқылы тәртіпті әрі білім беретін контент ұсынып отырғанын ашық мәлімдеді.
Бұл өте үлкен айырмашылық, әрі терең ойланатын жайт. Бұл әлеуметтік желілердің тек коммерциялық құрал емес, сонымен бірге мәдени «жұмсақ күш» (soft power) қаруы екенін айғақтайды. Мемлекеттер енді цифрлық платформаларды еркін нарық ойыншысы емес, стратегиялық маңызы бар ұлттық инфрақұрылым деп таниды.
Технологиялық алпауыттар және «Этикалық бүркемелеу»
Технологиялық алпауыттар бұл шараларды амалсыз қабылдағанымен, жалпы алғанда мұндай шектеулерге барынша қарсылық танытып келеді.
Тыйым күшіне енгеннен кейін Австралия премьер-министрі Энтони Албаниз 16 жасқа толмаған қолданушыларға тиесілі 4 миллион 700 мыңнан астам әлеуметтік желі парақшасының бұғатталғанын, жойылғанын немесе шектелгенін мәлімдеді.
Ал алпауыт компаниялардың өкілдері болса, жасты айқындау технологиялары адамның жеке өміріне қол сұғатынын, бала құқықтарын бұзатынын алға тартуда. Алайда бұл уәждердің астарында тегін мәлімет пен контент өндіріп беретін өте табысты қолданушылар базасын жоғалтып алу қорқынышы жатыр.
«Meta» басшысы Марк Цукерберг, «Instagram» жетекшісі Адам Моссери және «Snapchat» бас директоры Эван Шпигель жас қолданушыларға зиян екені белгілі болса да, тәуелділік тудыратын өнімдерді әдейі жобалағаны үшін сот алдында жауап береді.
Осы орайда олардың этика мен қауіпсіздік туралы өз еркімен берген уәделері бүгінде «этикалық бүркемелеу» (ethical washing) деңгейінен аса алмай тұр. Яғни жүйенің негізгі бизнес-моделін өзгертпей, жауапкершілікті басқаға ысыра салу.
Енді Түркиядағы балаларды қорғау саясатына көз жүгіртейік...
Түркияда балалардың цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздігіне қатысты талқылаулар ұлттық құндылықтарды арқау етеді, сонда да жаһандық үрдістермен толық үндеседі.
Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің Адам құқықтарын зерттеу комиссиясы жанындағы Бала құқықтары жөніндегі кіші комитет дайындаған «Цифрлық платформаларда балаларымызды аңдыған қауіп-қатерлер» атты баяндама жобасы бұл бағыттың негізгі шеңберін айқындап берді.
Баяндамада 18 жасқа толмағандар үшін түнгі уақытта интернетке кіруді шектеу, 15 жасқа дейінгілерге әлеуметтік желіге толық тыйым салу, мектеп қабырғасында цифрлық құрылғыларды қолдануды шектеу, психологиялық кеңес беру қызметтерін күшейту және балаларға арналған арнайы СИМ-карталарды енгізу сияқты маңызды ұсыныстар орын алған.
Отбасы және әлеуметтік қызметтер министрі Махинур Өздемир Гөкташ 15 жасқа дейінгі балаларды қорғайтын әлеуметтік желі заң жобасының жуық арада Мәжіліс талқылауына ұсынылатынын жеткізді.
Бұл құқықтық реттеуге балалар арасында депрессияның, мазасыздық пен мінез-құлық бұзылыстарының артуы, сондай-ақ цифрлық әлем арқылы қылмыстық топтардың құрығына іліну қаупінің жоғарылауы негіз болып отыр.
Министр Гөкташ балалардың әлеуметтік желі платформалары үшін коммерциялық табыс көзі немесе мәліметтер қоймасы ретінде қарастырылуына жол берілмейтінін кесіп айтты. Бұл шаралар сөз бостандығын шектеу емес, балаларды цифрлық әлемнің тажалдарынан қорғауға бағытталған мемлекеттік саясаттың көрінісі болып табылады.
Осы орайда іске қосылған «Балалар қауіпсіздікте» (Çocuklar Güvende) цифрлық порталы балалар мен ата-аналарға бағыт-бағдар беріп, ақпараттық қолдау көрсетіп келеді.
Әрине цифрлық әлемде тек балалар ғана емес, ересектер де зардап шегуде. Әсіресе технологияға бой үйретпеген ересек буын мен қарттарымыз жалған ақпараттың, виртуалды дау-дамайлардың және интернет желісіндегі түрлі айла-шарғылардың құрбанына айналып, қорғансыз күй кешуде.
Сондықтан платформаларды заңмен реттеу — тек педагогикалық тұрғыдан баланы қорғау шарасы ғана емес. Бұл — цифрлық қоғамдық кеңістікті жалған ақпараттан тазарту, демократиялық үдерістерді алгоритмдердің ықпалынан азат ету және қоғамның тұтастығын сақтау жолындағы қасиетті күрес.
Түйіндей келе айтарымыз: егер платформалар виртуалды ортаны өздері жобалап, алгоритмдерді өздері үйретіп, зейін экономикасынан жүйелі түрде пайда тауып отырса, бұл жауапкершілікті тек жеке тұлғаға, отбасына немесе тұтынушының таңдауына ғана ысырып қою әділетсіздік.
Жауапкершілік тең бөлінуі тиіс және бұл шексіз билік мемлекеттік бақылаудың аясына алынуы керек.
Цифрлық әлемде балаларымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету — баршамызға ортақ ұлы міндет.





















