АҚШ Орталық қолбасшылығы Израиль әскеріне Иранға қарсы шабуылдардың қайта басталуына дайын болуды ескерткені хабарланды.
Израильдің «KAN» мемлекеттік телеарнасы америкалық дереккөзге сілтеме жасап хабарлағандай, соңғы күндері АҚШ Орталық қолбасшылығы Тель-Авивке Иранға қарсы шабуылдардың қайта басталуына дайын болу керектігін ескерткен.
Бұл ескерту Израильмен қатар Парсы шығанағы елдеріне де жеткізілгені айтылды. Сондай-ақ мұндай мәлімет АҚШ президенті Дональд Трамптың Иранға қайта шабуыл жасаудың қажеті жоқ деген соңғы мәлімдемесіне қайшы келетіні атап өтілді.
Телеарнаның мәліметінше, Вашингтон Таяу Шығысқа әскери күштер мен техниканы жіберуді жалғастырып жатыр. Қазіргі уақытта АҚШ-тың Таяу Шығыс пен Еуропадағы әскери базаларында әуеде жанармай құятын 200-ге жуық ұшақ бар.
Сонымен қатар ақпаратта АҚШ-тың аймақта «George Washington» және «George Bush» атты екі ұшақ тасымалдаушысы бар екені, ал үшінші «Roosevelt» атты ұшақ тасымалдаушысының келесі апта Оман жағалауына жететіні айтылды.



















