Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған «Терроризмнен азат Түркия» үдерісінің келесі кезеңіне лаңкестік ұйымның қаруды толықтай тастағаны анықталып, ресми түрде расталғаннан кейін көшетіндерін мәлімдеді.
Ердоған Оңтүстік Кореяға жасаған сапарынан қайтар жолда журналистердің сұрақтарына жауап берді.
АҚШ-та өткен аралық сайлау нәтижелерінің Түркия мен АҚШ арасындағы қарым-қатынастарға және Вашингтонның Таяу Шығысқа қатысты саясатына қалай әсер ететіні туралы сұраққа Ердоған:
«Сайлау нәтижелері Америка халқына жақсылық әкелсін деп тілеймін. Сондай-ақ оның біздің өңірге және әлемдік саясатқа оң ықпал ететініне үміттенемін», – деді.
Ердоған Түркия мен АҚШ арасындағы қарым-қатынастардың терең тарихи байланыстарға негізделгенін атап өтіп, сөзін былай жалғастырды: «Біз аймағымызда бейбітшілік пен тыныштықтың мүмкіндігінше тезірек орнағанын қалаймыз. Біздің басты тілегіміз – сайлау нәтижелерінің өңірімізде бейбітшілік пен тұрақтылықтың орнауына ықпал етуі. Осы мақсатта АҚШ әкімшілігімен, сондай-ақ Конгресстің Өкілдер палатасы және Сенатымен тығыз диалог жүргізуді жалғастырамыз».
«Терроризмнен азат Түркияны бірге құрамыз»
Президент Ердоған «Терроризмнен азат Түркия» үдерісінде кідіріс бар ма?» деген сұраққа: «Ең алдымен «Терроризмнен азат Түркия» үдерісі заңда белгіленген тәртіппен жалғасып жатыр. Біз бұл ұстанымымыздан бас тартпаймыз. Үдерістің қалай жүріп жатқанын мұқият қадағалап отырмыз. Лаңкестік ұйымның қаруын толықтай тастағаны анықталып, ресми түрде расталғаннан кейін келесі кезеңге көшеміз. Мұндай ауқымды мәселелерді шешу үшін үдерісті аса мұқият әрі сақтықпен жүргізу қажет. Біз де осы мәселені барынша жауапкершілікпен шешуге күш салып жатырмыз. Еліміздің терроризмнен азат болашағын бәріміз бірге құрамыз. Қандай жағдай болса да, қандай кедергілер туындаса да, лаңкестер паналаған барлық үңгірді босатып, терроризмнің біржола жойылғанын, Алла қаласа, бәріміз бірге көретін боламыз», – деп жауап берді.




























