Түркия Сыртқы істер министрі Хакан Фиданның төрағалығымен өтетін кездесуге Германия Сыртқы істер министрі Йоханн Давид Вадефуль, Ұлыбритания Сыртқы істер министрі Эд Милибэнд, Франция Сыртқы істер министрі Жан-Ноэль Барро, Мысыр Сыртқы істер министрі Бедир Абдулати, Пәкістан Сыртқы істер министрі Мұхаммед Исхак Дар және Сауд Арабиясы Сыртқы істер министрі Фейсал бин Фархан қатысады.
Осылайша жеті елдің сыртқы істер министрлері Түркияның бастамасымен «R4+E3» форматында тұңғыш рет бір үстел басына жиналады.
Кездесуде Палестина мәселесі, Ормуз бұғазындағы жағдай, Йеменге қатысты оқиғалар және Ресей мен Украина арасындағы соғысты тоқтату жолдары бастаған өңірлік мәселелер талқыланады.
Сонымен қатар «R4» және «E3» елдері арасындағы ынтымақтастықты дамыту және өзара іс-қимылды үйлестіру мүмкіндіктері қарастырылады.
Фидан өңірлік жауапкершіліктің маңыздылығына назар аударады
Сыртқы істер министрі Хакан Фидан кездесулер барысында Израильдің Палестина жерін басып алуды жалғастыруы, халықаралық қауымдастықтың бейбітшілік орнату жолындағы күш-жігеріне кедергі келтіретін ұстанымы мен бүкіл аймаққа таралған агрессиялық әрекеттері Таяу Шығыстағы шиеленістің негізгі себебі екені тағы да атап өтілмек.
Фидан АҚШ пен Иран арасындағы келіспеушіліктерді тек дипломатия және диалог арқылы шешуге болатынын, ал әскери әдістердің түбегейлі шешім әкелмей, керісінше, аймақтағы тұрақсыздықты күшейтіп, ауқымды қақтығыс қаупін арттыратынын жеткізбек.
Сонымен қатар ол хоуситтердің Сауд Арабиясындағы бейбіт тұрғындар мен азаматтық инфрақұрылым нысандарына жасаған шабуылдарына байланысты Түркияның Сауд Арабиясы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қолдау көрсететінін растап, Мекке қорғаныс одағының негізінде жатқан ынтымақтастық пен ортақ қауіпсіздік қағидаттарының маңыздылығына тоқталмақ.
Фидан «R4» және «E3» елдерінің Сириядағы тұрақтылық пен әл-ауқатты нығайтуға елеулі үлес қосып жатқанын атап өтіп, Израильдің Сириядағы жағдайды тұрақсыздандыруға бағытталған әрекеттерін жалғастырып отырғанына назар аударады.
Сондай-ақ ол Түркияның Қаратеңіз жағалауындағы мемлекет ретінде Ресей мен Украина арасындағы соғыстың Қаратеңізге таралуына жол бермеу және теңіздегі бейбіт тұрғындардың қаза табуын тоқтату мақсатында тараптарға ескертулер мен мәселені шешу жөніндегі ұсыныстарын жеткізуді жалғастырып жатқанын мәлімдейді.
«R4» және «E3» ынтымақтастық тетіктері
«R4» ынтымақтастық тетігін Түркия, Мысыр, Пәкістан және Сауд Арабиясы өңірлік мәселелерді аймақ елдерінің өзара жауапкершілігі негізінде шешу, ұзақ мерзімді тұрақтылықты қамтамасыз ету және диалогты нығайту мақсатында құрды.
«R4» елдерінің сыртқы істер министрлері осы уақытқа дейін алты рет кездесті. Алғашқы кездесу 18 наурызда Эр-Риядта өтті. Осы форматтағы соңғы кездесу 21 қыркүйекте Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының Жоғары деңгейдегі апталығы аясында ұйымдастырылды.
Ал Германия, Ұлыбритания және Франциядан тұратын «E3» тетігі 2003 жылы Иранның ядролық бағдарламасына қатысты үшжақты дипломатиялық ынтымақтастық негізінде қалыптасты. Кейін бұл формат өңірлік және халықаралық мәселелер бойынша бірлескен дипломатиялық бастамаларды жүзеге асыратын ынтымақтастық тетігіне айналды.



























