Оңтүстік Кореяға сапарлай барған Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған «Yonhap» ақпарат агенттігіне берген арнайы сұхбатында екі ел арасындағы ынтымақтастыққа қатысты маңызды мәлімдемелер жасады.
Президент Синоп атом электр станциясының жобасынан бастап қорғаныс өнеркәсібі, жасанды интеллект және көлік инфрақұрылымына салынатын инвестицияларға дейінгі бірқатар мәселені қозғады. Сондай-ақ Оңтүстік Кореяның Түркияда өндірілген «PD170» авиациялық қозғалтқышына қызығушылық танытып отырғанын атап өтті.
Президенттің айтуынша, Түркия осы жоба аясында Оңтүстік Кореяның мемлекеттік қолдауына ие «Korea Electric Power Corporation» (KEPCO) электр энергетикалық компаниясымен бірлесіп, жан-жақты техникалық және экономикалық зерттеулер жүргізіп жатыр.
Ердоған жобаның техникалық және экономикалық шарттарын бағалау жұмыстары әлі де жалғасып жатқанын мәлімдеді.
Қорғаныс өнеркәсібі
Президент Ердоған Түркия мен Оңтүстік Корея арасында қорғаныс өнеркәсібі саласындағы ынтымақтастықты дамытуға зор мүмкіндіктер бар екенін айтты.Ол Оңтүстік Кореяның Түркияда әзірленген «PD170» турбодизельді ұшақ қозғалтқышына қызығушылық танытуын жоғары бағалады.
Сондай-ақ ұшқышсыз ұшу аппараттары, қозғалтқыш технологиялары мен электрондық жүйелер салаларындағы бірлескен жұмыстарды кеңейтуге болатынын атап өтті.
Ердоған қорғаныс өнеркәсібімен қатар жартылай өткізгіштер, робот техникасы және жасанды интеллект сияқты озық технологиялар салаларында да ынтымақтастықты нығайтуға ниетті екенін мәлімдеді.
«Біздің мақсатымыз – осы мүмкіндіктерді нақты жобаларға айналдыру, компанияларымыз үшін іскерлік байланыстарды жеңілдету және өзара инвестиция көлемін арттыру», – деді Түркия президенті.
Ормуз бұғазы
Әлемдік энергетика нарығы мен халықаралық сауда жолдарындағы жағдайға тоқталған президент Ердоған Ормуз бұғазы маңындағы қауіп-қатерлерге назар аударды.
«Қазіргі дағдарыс халықаралық сауда үшін сенімді балама бағыттарды дамытудың қаншалықты маңызды екенін тағы бір мәрте көрсетті», – деді ол.
Түркия президенті Азия мен Еуропа арасындағы көлік және логистикалық байланыстарды нығайту бағытында жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты. Сонымен қатар тарихи Хижаз теміржолын қайта жаңғырту жоспарына да тоқталды.
Ердоған Оңтүстік Кореяның Түркиядағы көлік және логистика саласындағы жобаларға кеңінен қатысқанын қалайтынын жеткізді.
«Біз кореялық компаниялардың Түркиядағы өңірлік көлік және логистикалық инфрақұрылымға салынатын инвестициялық жобаларға кеңінен қатысқанын қалаймыз», – деді президент.






















