Армения премьер-министрі Никол Пашинян өз елінде Ресей әскери базасының болуы өміршең маңызға ие емес екенін мәлімдеп, «Егер Ресей әскери базасын Армениядан шығару туралы шешім қабылдаса, біз бұған қарсылық білдірмейміз», — деді.
Никол Пашинян Ресей президенті Владимир Путинмен 1 қыркүйекте Қырғызстанның астанасы Бішкекте өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) Саммиті аясында өткізген кездесуіне баға берді.
Кездесудің нәтижелі өткенін жеткізген Пашинян таяу арада Ресей астанасы Мәскеуге сапармен бару жөнінде уағдаласқандарын атап өтті.
Путинмен Ресей басқаратын Армения теміржолдары мәселесін де талқылағандарын айтқан Пашинян: «Бұл мәселені шешуіміз қажеттігі төңірегінде ортақ түсінік қалыптасты. Қазіргі жағдайдың ұзақ уақыт бойы жалғаса беруі мүмкін емес», — деген сөздерді келтірді.
Пашинян Армениядағы Ресей әскери базасына қатысты «Бұл мәселе күн тәртібіне келген жоқ. Арменияда Ресей әскери базасының орналасуы өміршең маңызға ие емес. Егер Ресей әскери базасын Армениядан шығару туралы шешім қабылдаса, біз бұған қарсылық білдірмейміз. Алайда олар қалғысы келетіндерін білдірсе, бұны да талқылауға дайынбыз», — деді.
Ресей президенті Путин Арменияның Гюмри қаласындағы Ресей әскери базасына қатысты «Егер Армения бұл инфрақұрылымға мұқтаж емес деп шешсе, біз ертең де кетеміз», — деп мәлімдеме жасаған болатын.























