Ислам революциясы сақшылар корпусының жазбаша мәлімдемесінде АҚШ-тың алыс қашықтыққа ұшатын MQ-9 ҰҰА-сы Ормуз бұғазы үстінде Иран Ислам революциясы сақшылар корпусының заманауи әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерінің зымырандарымен атылғаны айтылды.
АҚШ әскеріне тиесілі ҰҰА-ның соққыдан кейін Парсы шығанағына құлағаны хабарланды.
АҚШ кеше түнде Ормуз бұғазы маңындағы Ларк аралына екі рет шабуыл жасаған еді.
Ислам революциясы сақшылар корпусы бұл шабуылға жауап ретінде Иорданиядағы АҚШ күштері пайдаланатын Муваффак Салти және Король Хусейн әуе базаларын баллистикалық зымырандармен атқылағанын мәлімдеген еді.
Корпус кейінірек жасаған мәлімдемесінде Біріккен Араб Әмірліктеріндегі «Әл-Минхад» әуе базасында орналасқан АҚШ әскери қызметкерлері мен тікұшақтарын ондаған ұшқышсыз ұшу аппаратымен нысанаға алғанын хабарлаған еді.
Иран армиясының жазбаша мәлімдемесінде шабуылдардың «АҚШ-тың Ларк аралына жасаған шабуылында қаза тапқан бейбіт тұрғындар мен әскери қызметкерлер үшін кек алу мақсатында» жасалғаны айтылған болатын.
Иран президенті Масуд Пезешкиан елінің соғысты қаламайтынын, бірақ кез келген шабуылға қатаң жауап беруге дайын екенін мәлімдеді.
Иранның ресми “IRNA” ақпарат агенттігінің хабарлауынша, президент Пезешкиан Қырғызстанда өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымы басшыларының саммитіне қатысу үшін Бішкекке аттанар алдында ел астанасы Тегерандағы әуежайда баспасөз өкілдеріне мәлімдеме жасады.
АҚШ-тың Ларк аралына жасаған шабуылдары мен Иранның қарымта әрекеттеріне тоқталған Пезешкиан: «Біз соғыс қаламаймыз және бұл — осы уақытқа дейін әлемге анық жеткізген нақты ұстанымымыз. Алайда ешбір агрессияға үнсіз қалмаймыз және агрессорларға батыл жауап береміз», -деді.





















