Жапония үкіметі Ресей президенті Владимир Путиннің екі ел арасындағы шиеленісті қарым-қатынастар үшін өздерін айыптауын «қабылданбайды» деп мәлімдеді.
Министрлер кабинетінің Бас хатшысы Кихара Минору астана Токиода өткен кезекті баспасөз мәслихатында Ресей лидері Путиннің Жапонияны нысанаға алған сөздеріне наразылық білдірді.
Екі ел арасындағы қарым-қатынасты «күрделі» деп бағалаған Кихара: «Жапония-Ресей қарым-қатынасының қазіргі ауыр жағдайы Ресейдің Украинаға қарсы агрессиясынан туындап отыр, сондықтан Жапонияны бұл жағдайға жауапты етіп көрсеткісі келетін мәлімдемелер қабылданбайды», — деді.
Кихара Токио үкіметінің Куриль аралдарын қосқанда «Солтүстік аймақтар мәселесін» шешуге қатысты осы уақытқа дейін ұстанып келген саясатында «ешқандай өзгеріс жоқ» екенін атап өтті.
Жауапкершілік «100 пайыз Жапонияға тиесілі» мәлімдемесі
Путин Қырғызстанның астанасы Бішкекте өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) Мемлекет басшыларының саммитінен кейін кеше ресейлік БАҚ өкілдерінің күн тәртібіндегі сұрақтарына жауап берген болатын.
«Токионың ешқандай себепсіз Мәскеумен қарым-қатынасты біртіндеп нашарлатқанын» айтқан Путин жауапкершілік «100 пайыз Жапонияға тиесілі» екенін алға тартты.
Ресей мен Жапония арасындағы Куриль мәселесі
Екінші дүниежүзілік соғыстың соңында 1945 жылы Кеңес Одағы Жапонияның Тынық мұхиты мен Охот теңізін бөліп тұрған шамамен 1300 шақырымға созылған Куриль аралдарын аннексиялап алған еді.
Аннексиядан кейін Жапония тарапы «Солтүстік аймақтар» деп атаған бұл жер телімі төңірегіндегі келіспеушілікке байланысты Ресей мен Жапония арасында бейбітшілік келісіміне қол қою үшін жүргізілген келіссөздерде тараптар әлі күнге дейін ортақ мәмілеге келе алмай отыр.




















