«SANA» ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Сирия президенті Ахмед Шара YPG-нің бұрынғы басшысы Мазлум Абдиді өзінің кеңесшісі етіп тағайындады.
Абди сейсенбі күні өткен баспасөз мәслихатында YPG ұйымының таратылғанын мәлімдеген еді.
Сирия билігі мен YPG 29 қаңтарда атысты тоқтатуды және ұйымды мемлекеттік мекемелерге кезең-кезеңімен біріктіруді көздейтін келісімге келген болатын.
Мазлум Абди бұған дейін YPG ұйымын басқарған.
Қаңтар айында жасалған келісімде Сирияның солтүстік-шығысында ұйымның бақылауында болған барлық азаматтық және әскери мекемені, соның ішінде шекарадағы өткізу бекеттерін, әуежайларды, мұнай және табиғи газ кен орындарын Сирияның мемлекеттік құрылымына қосу қарастырылған еді.
АҚШ қолдайтын және PKK-ның Сириядағы тармағы саналатын YPG бұған дейін Сирияның бірыңғай әскери құрылымына қосылуға қарсылық танытып келген. Дамаск ұйымды келісімнің орындалуын созып отыр деп айыптаған еді.
Түркия YPG-мен қатар PKK-мен байланысты барлық ұйымның қаруын тастап, таратылуын талап етіп келеді. Анкара Сириядағы тұрақтылықтың мұндай құрылымдардың жойылуына, сондай-ақ елдің аумақтық тұтастығының біртұтас үкімет пен ұлттық армия аясында сақталуына байланысты екенін мәлімдеді.
YPG-нің таратылуы туралы шешім PKK-ның да ресми түрде тарайтынын және ондаған жылға созылған қарулы күресін тоқтататынын жариялауынан кейін қабылданды. Бұған дейін Түркия армиясының ұзақ жылдар бойы жүргізген терроризмге қарсы операциялары нәтижесінде ұйымның операциялық әлеуеті айтарлықтай әлсіреп, Түркия аумағында әрекет ету мүмкіндігі жойылғаны айтылған еді.


















