Ирактың ресми “INA” агенттігінің хабарлауынша, «Ирактан жоғары деңгейлі қауіпсіздік делегациясы бірқатар қауіпсіздік мәселесі мен ортақ тақырыптарды талқылау үшін Сауд Арабиясына келді».
Хабарда Ирак делегациясын Қарулы күштер қолбасшылығы кеңсесінің директоры, генерал-лейтенант Абдуламир әл-Шамри бастап барғаны айтылды. Сондай-ақ делегация құрамында барлау, әуе қорғанысы және терроризмге қарсы күрес мекемелерінің өкілдері бар екені атап өтілді.
Кездесуде Ирак пен Сауд Арабиясы арасындағы қауіпсіздік мәселелері қаралатыны айтылып, «екіжақты қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық пен үйлестіруді арттыру жолдары талқыланады» деп хабарланды.
Сауд Арабиясы 28 шілдеде елдің шығыс өңірі мен астана Эр-Риядтағы мұнай нысандарын нысанаға алуға әрекеттенген бірнеше ұшқышсыз ұшу аппаратының әуе қорғанысы жүйелері арқылы залалсыздандырылып, жойылғанын хабарлаған еді. Сауд Арабиясы шабуылдардың Ирак аумағынан Иранды қолдайтын қарулы топтар тарапынан жасалғанын хабарлаған болатын.
Осыдан кейін АҚШ Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) АҚШ пен Сауд Арабиясы Қарулы күштерінің Ирактың шығысындағы Иранды қолдайтын топтарға тиесілі нысандарға әуе соққыларын жасағанын мәлімдеді.
























