Аймақ билігінің мәліметінше, жұма күні украиналық дронның сынықтары Ресейдің Екатеринбург қаласындағы «Wildberries» логистикалық орталығының ғимаратына тиіп, өрт шыққан.
Свердловск облысының губернаторы Денис Паслер Ресейдің әуе қорғанысы жүйелері аймақта сегіз дронды атып түсіргенін, оның үшеуінің қойма шатырына құлағанын мәлімдеді. Ол «Telegram» парақшасында: «Адамдар эвакуацияланды, зардап шеккендер жоқ», – деп жазды.
Ресейдің ең ірі онлайн сауда компаниясы «Wildberries» өрт сөндірушілердің жалынды ауыздықтап жатқанын, логистикалық орталықтың жұмысы уақытша тоқтатылғанын және жеткізілімдердің басқа логистикалық орталықтарға бағытталғанын хабарлады.
Ресей мен Украина дрон шабуылдарына қатысты мәлімдеме жасады
Ресей Қорғаныс министрлігі ел аумағында, аннексияланған Қырымда және Қаратеңізде түн ішінде Украинаға тиесілі 203 дронның атып түсірілгенін хабарлады.
Ал Украина Әуе күштері Ресейдің түн ішінде 147 дрон ұшырғанын, олардың 114-і елдің солтүстік, оңтүстік және шығыс аймақтарында атып түсірілгенін немесе залалсыздандырылғанын мәлімдеді.
Тараптардың ұрыс алаңындағы жағдайға қатысты мәлімдемелерінің ешқайсысы тәуелсіз дереккөздер арқылы расталған жоқ.





















