«ROKETSAN» компаниясы тарапынан жасап шығарылған және Түркияның әскери тежеуіш күшіндегі маңызды белес саналатын «TAYFUN» зымыранының жетілдірілген «Блок-2» нұсқасы әскердің қолданысына берілді.
«ROKETSAN» таратқан мәлімдемеде «TAYFUN Блок-2» жүйесінің алыс қашықтықта Түркияның айбыны мен қауіпсіздік кепілі екені баса айтылды. Бұл кешеннің толықтай отандық инженерлік шешімдер мен озық технология негізінде өндірілгеніне тоқталған мәлімдемеде: «Еліміздің тежеуіш қуатын еселей түсетін бұл жетістік қаһарман армиямыз бен халқымызға құтты болсын!» — делінген.
«Қарулы Күштеріміздің соққы беруші қуатына айналады»
«ROKETSAN» бас директоры Мурат Икинджи де өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жасаған мәлімдемесінде «TAYFUN Блок-2» жүйесінің Түрік Қарулы күштерінің соққы беру әлеуетіне қосатын үлкен үлесін жоғары бағалады. Икинджи отандық және ұлттық инженерлік қабілеттермен жетілдірілген бұл кешеннің әскерге табысталуына қатысты мынадай пікір білдірді: “Қарулы Күштеріміздің басты соққы беруші күшіне айналатын “TAYFUN Блок-2” табыс етілді. Төл инженерлік әлеуетімізбен әзірлеген “TAYFUN Блок-2” Түрік Қарулы Күштерінің қатарына қосылып, қаһарман армиямыздың айбыны мен сескендіру (тежеу) қауқарына стратегиялық үлес қосады. Жобаға еңбегі сіңген барлық әріптесімді шын жүректен құттықтаймын, бұл қадам еліміз бен ұлтымыз үшін қайырлы болғай.”
Түркияның қорғаныс өнеркәсібіндегі отандық өндіріс үлесін одан сайын бекіте түскен бұл тарихи қадам арқылы Түрік Қарулы күштерінің стратегиялық нысаналарға қарсы алыс қашықтықтан соққы беру мүмкіндігі мүлдем жаңа деңгейге көтерілді.



















