Ресей президентінің сыртқы саясат жөніндегі кеңесшісі Юрий Ушаков президент Владимир Путиннің АҚШ президенті Дональд Трамптың арнайы өкілдері Стив Уиткофф және Джаред Кушнермен кездескенін білдірді. Ол кездесуде Украина дағдарысын реттеуге бағытталған келіссөздер процесін жалғастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілгенін айтты.
Юрий Ушаков астана Мәскеуде журналистерге жасаған мәлімдемесінде Путиннің Трамптың арнайы өкілдері Стив Уиткофф және Джаред Кушнермен кездесуіне баға берді.
Кездесудің мазмұнды, сындарлы әрі пайдалы болғанын атап өткен Ушаков былай деді:
«Путин Украинадағы соғыстан кейін Еуропада қауіпсіздік жүйесін қалыптастыру аясында Ресей мен Украинаның қауіпсіздік мәселелеріне шешім табуға бағытталған америкалық бастаманы қолдады. Қолданыстағы жүйенің жұмыс істемей тұрғаны анық. Еуропалық өкілдер де бөлінбейтін қауіпсіздік пен бейбітшілікке негізделген жаңа, ұзақ мерзімді жүйенің параметрлерін айқындау жөніндегі жұмыстарды қолдайды деп үміттенеміз. Біз америкалық өкілдермен осы мәселе бойынша жұмысты дереу бастауға дайынбыз».
Кездесуде Ресейдің АҚШ пен НАТО-ға қауіпсіздік кепілдіктерін беруге бағытталған 2021 жылғы келісім жобаларын ұсынғанын айтқан Ушаков бұл жобаларда НАТО-ның кеңеймеуі, Ресей шекараларына қауіп төндіретін қару-жарақ жүйелерінің орналастырылмауы және альянс күштерін орналастыру тәртібінің Ресей-НАТО Негіздемелік актісіне қол қойылған кезеңге сәйкес белгіленуі көзделгенін еске салды.
Ушаков: «Аталған тармақтарға кейбір жаңа идеяларды да қосқымыз келеді. Өйткені Киев билігін құтқару үшін Ресейді стратегиялық жеңіліске ұшыратқысы келетін Батыс бүгінде бізге қарсы әрекет етуде», – деді.

АҚШ президенті Дональд Трамптың арнайы өкілі Стив Уиткофф та Ресей президенті Владимир Путинмен кездесуде ілгерілеушілікке қол жеткізілгенін мәлімдеді.
Ресей астанасы Мәскеудегі Внуково әуежайында баспасөз өкілдеріне сұхбат берген Уиткофф: «Ешкім үшжақты (АҚШ-Ресей-Украина) келіссөздерді қайта бастаймыз деп ойламаған еді. Біз оны қайта бастадық. Жаңа кездесу күнін белгіледік», – деді.
Келесі келіссөздерге еуропалық өкілдердің де қатысатынын растаған Уиткофф мұның маңызды екенін айтты.
Трамптың күйеу баласы әрі арнайы өкілі Джаред Кушнер де: «Жалпы алғанда, барлық мәселе бойынша барынша ауқымды әрі егжей-тегжейлі кездесу өткіздік деп ойлаймын. Бұл кездесулер алдағы уақытта өтетін көпжақты келіссөздерге өз септігін тигізеді деп үміттенемін», – деді.
АҚШ өкілдерінің Ирландияның Дублин қаласына барып, онда Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездесіп, оған Мәскеудегі жиын туралы ақпарат беретіні күтілуде.



















