Атысты тоқтату режимінің жалғасып жатқанына қарамастан, бейсенбі күні Израильдің Газаның солтүстігіндегі Бейт-Лахияда орналасқан үйге жасаған әуе соққысы салдарынан бір отбасының төрт мүшесі қаза тапты.
«Анадолы» агенттігіне сұхбат берген медициналық дереккөз Бейт-Лахия жобасы аймағында Ахмед отбасына тиесілі үйге соққы берілгеннен кейін төрт мәйіттің Газа қаласындағы «Аль-Шифа» ауруханасына жеткізілгенін білдірді.
Дереккөз шабуылда басқа да адамдардың жарақат алғанын және көптеген адамның қиранды астында хабар-ошарсыз кеткенін хабарлады.
Екінші жағынан “WAFA” жаңалықтар агенттігінің хабарлауынша, Израильдің әскери көліктері мен ұшқышсыз ұшағы бейсенбі күні таңертең Газаның солтүстігіндегі Джабалия босқын лагерінде қоныс аударған адамдар паналаған баспана мен шатырларға отқ атқаннан кейін бірнеше жаралы «Аль-Шифа» ауруханасына жеткізілген.
Израиль аурухана аймағын нысанаға алды
Израиль жойғыш ұшақтары сонымен қатар лагерьдегі «Камал Адван» ауруханасының маңында әуе соққысын ұйымдастырды.
Бұдан бөлек, Израильдің теңіз көліктері Хан Юнис жағалауындағы суда және Газа орталығының шығыс аймақтарын қарқынды атқылады.
Аталған шабуылдар Израильдің 2025 жылдың 10 қазанынан бері күшінде тұрған атысты тоқтату келісімін кезекті рет бұзғанын білдіреді.
Израиль армиясы 2023 жылдың қазан айынан бері жүргізіп жатқан геноцидтік соғыста 73 000-нан астам палестиналықты өлтіріп, 174 000-нан астамын жаралады; бұл соғыс Газаның азаматтық инфрақұрылымының басым бөлігін жойды немесе ауыр зақым келтірді.


















