Үндістан астанасы Нью-Делиде студенттер тұратын көпқабатты ғимарат опырылып, бес адам қаза тапты, бірнеше адам жараланды. Бұл туралы жергілікті билік хабарлады.
Дели университетінің Оңтүстік кампусы маңындағы студенттерге арналған ақылы жатақханалар көп орналасқан Сатья Никетан ауданындағы ғимарат түскі уақытта құлаған. Оқиғадан кейін ауқымды құтқару жұмыстары басталды.
Дели штатының министрі Рекха Гупта “X” желісінде түрлі мекемелердің топтары «соғыс кезіндегідей дайындықпен» құтқару жұмыстарын жүргізіп жатқанын мәлімдеді.
Құтқарушылар үйінді астынан алып шыққан 11 адам жергілікті ауруханаларға жеткізілді.
Олардың төртеуі Үндістанның бүкіл медициналық ғылымдар институтының (AIIMS) жарақат орталығына жеткізілгеннен кейін көз жұмды. Жағдайы ауыр болған бесінші адам да кейін алған жарақаттарынан қайтыс болды.
Дели полициясының мәліметінше, құлаған ғимарат 40-50 жыл бұрын салынған. Ол жертөле мен бес қабаттан тұрған.
Билік ғимарат құлаған кезде жертөледе жөндеу жұмыстары жүріп жатқанын растады.
Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди қайғылы оқиғаға байланысты көңіл айтып, ғимараттың құлауын «қайғылы жағдай» деп атады.
«Жақындарынан айырылғандарға көңіл айтамын. Жараланғандардың тезірек сауығып кетуін тілеймін. Құзырлы органдар оқиға орнында жұмыс істеп, зардап шеккендерге көмек көрсетіп жатыр», – делінген Моди кеңсесінің “X” желісіндегі мәлімдемесінде.
Оқиға орнында іздеу-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.















