Палестиналық тойтарыс тобы ХАМАС Израильдің Газада палестиналықтарға қарсы жасалған геноцидтің дәлелдерін жасыруға тырысып жатқанын ескертті. ХАМАС хабар-ошарсыз кеткен мыңдаған адамның денесі үйінділердің астында қалғанын және Израиль бұл үйінділерді жаншып, тазалап, басқа жерге тасымалдап жатқанын білдірді.
Ұйым «оккупациялық үкімет пен армияның қирандыларды тазалау, жаншу және басқа жаққа тасу арқылы Газадағы халыққа қарсы жасалған сұмдық қылмыстардың дәлелдерін жасыруға бағытталған әрекеттерін» айыптады.
ХАМАС бұл әрекеттердің қирандылардың астында «хабар-ошарсыз кеткен мыңдаған адамның денесі мен басқыншылардың екі жылдан астам уақыт бойы жасаған геноцид қылмыстарының дәлелдері» болуына қарамастан жүзеге асырылып жатқанын баса айтты.
ХАМАС адам сүйектері мен ықтимал құқықтық дәлелдер жатқан аймақтарға араласу «халықаралық құқыққа және БҰҰ Халықаралық Сотының дәлелдерді қорғау туралы бұйрығына қайшы» екенін мәлімдеп, бұл жағдайды «шейіттердің ар-намысына және олардың отбасыларының жақындарының денесін тауып, жерлеу құқығына жасалған шабуыл» деп сипаттады.
Халықаралық сот-медициналық топтарына шақыру
ХАМАС БҰҰ-ның Палестина территорияларындағы адам құқықтарының жағдайы жөніндегі арнайы баяндамашысы Франческа Альбанезенің Израильдің қирандыларды тазалау жұмыстары «сұмдық қылмыстардың» іздерін өшіру қаупін төндіреді деген ескертуін құптайтынын білдірді.
БҰҰ мен Халықаралық қылмыстық сотты бұл аймақтарды қорғауға шақырған ХАМАС мәйіттерді шығаруды қадағалау және сот-медициналық материалдарын құжаттау үшін Газаға халықаралық сот-медициналық зерттеушілердің жіберілуін талап етті.
ХАМАС қирандыларды тазалау мен қайта тұрғызу «шұғыл гуманитарлық әрі ұлттық қажеттілік» болып қала беретінін баса айтқанымен, бұл операция хабар-ошарсыз кеткендердің табылуын қамтамасыз етуі тиіс екенін және Израильдің жауапкершіліктен жалтаруына жол бермеуі керектігін алға тартты.





















