Ресейдің оңтүстігіндегі Краснодар және Невинномысск қалаларында “Wildberries” электрондық сауда платформасына тиесілі логистикалық орталықтарға ұшқышсыз ұшу аппараттарымен жасалған шабуыл салдарынан 10 адамның жараланғаны хабарланды.
“Wildberries” компаниясының негізін қалаушы әрі бас атқарушы директоры Татьяна Ким жазбаша мәлімдемесінде түнде Краснодар мен Невинномысск қалаларындағы екі логистикалық орталыққа шабуыл жасалғанын айтты.
Оның айтуынша, қызметкерлер жедел түрде эвакуацияланған.
Краснодар аймағының губернаторы Вениамин Кондратьев өңірдің түнде жаппай дрон шабуылына ұшырағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, Краснодардағы “Wildberries” логистикалық орталығында 10 адам жараланған.
Губернатор жараланғандардың үшеуінің жағдайы ауыр екенін және олардың ауруханаға жеткізілгенін хабарлады.
Кондратьев логистикалық орталықтағы шабуылдан келген залалды жою және өртті сөндіру жұмыстары жалғасып жатқанын айтты. Сондай-ақ Армавир қаласында дрон сынықтарының кәсіпорын аумағына құлауы салдарынан бір қызметкердің қаза тапқанын жеткізді.
Сонымен қатар дрон қалдықтары Краснодардағы екі көпқабатты тұрғын үйге және Динская елді мекеніндегі екі тұрғын үйге түскені хабарланды.
“Wildberries” – Ресейдегі ең ірі электрондық сауда платформаларының бірі. Соңғы күндері компанияның бірнеше логистикалық орталығы дрон шабуылдарының нысанасына айналды.





















