Мирзиёев ел экономикасының биылғы жылдың алғашқы алты айында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,5 пайыз өскенін айтты.
Оның мәліметінше, қаңтар-маусым айларында ауыл шаруашылығы 4,7 пайыз, өнеркәсіп өндірісі 8 пайыз, құрылыс саласы 13,8 пайыз, қызмет көрсету саласы 16,9 пайыз өскен. Осы кезеңде елге салынған инвестиция көлемі 28 миллиард долларға, ал экспорт 14,4 миллиард долларға жетті.
Мирзиёев 40 миллионға жуық халықтың тұрмыс деңгейін айтарлықтай жақсарту үшін жылдық экономикалық өсімді 9-10 пайыз арттыру қажет екенін атап өтті. Осыған байланысты аймақтар мен сала басшылары қолда бар барлық мүмкіндікті барынша тиімді пайдалануы тиіс екенін айтты.
Президент әлемдік экономикадағы белгісіздік әлі де сақталып отырғанына назар аударып, барлық министрлік пен жергілікті билік органдары ықтимал қауіптерге қарсы балама жоспарлар әзірлеуі қажет екенін мәлімдеді.
Мирзиёев жаһандық экономикалық тұрақсыздықтың әсерін азайту мақсатында өңірлердегі кәсіпкерлік пен әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға қосымша қаржы бөлінгенін де айтты.
Өзбекстанның Экономика және қаржы министрлігі бұған дейін 2026 жылға арналған экономикалық өсім болжамын 6,6 пайыздан 8,1 пайызға дейін көтерген болатын.
Ковид-19 індетіне дейін жылына 5-6 пайыз артқан Өзбекстан экономикасы 2020 жылы 1,6 пайыз, 2021 жылы 7 пайыз, 2022 жылы 5,7 пайыз, 2023 жылы 6 пайыз, 2024 жылы 6,7 пайыз, ал 2025 жылы 7,7 пайыз өсім көрсеткен.





















