Бельгия Сыртқы істер министрі Максим Прево Түркияның Еуропаның қауіпсіздігіндегі рөліне тоқталып, екі ел арасындағы экономикалық және стратегиялық ынтымақтастықты тереңдетуге ниетті екенін білдірді.
Анадолы агенттігіне (AA) сұхбат берген Прево: «Түркиясыз ешбір Еуропалық қауіпсіздікті талқылау мүмкін емес», — деді. Түркияның жылдар бойы кедейлік деңгейін төмендетіп, өмір сүру деңгейін жақсартқанын атап өткен Прево Түркияның ендігі жерде «бұрынғыдан да белсенді» стратегиялық геосаяси ойыншыға айналғанын білдірді.
Прево Бельгия мен Түркия арасындағы тамыры терең серіктестікке назар аударып, Османы империясымен 1838 жылы қол қойылған алғашқы достық келісімін еске салды. Ол Бельгияның көптеген Еуропа елінен әлдеқайда бұрын Стамбулда өкілдігін ашқанын атап өтті.
Экономикалық миссия
Прево Бельгия патшайымы Матильданың басшылығымен 10-14 мамыр аралығында Түркияға ұйымдастырылатын экономикалық сапардың маңыздылығын баса айтты. Ол бұл сапарды бизнес, академиялық және институционалдық деңгейдегі серіктестікті нығайтудың жақсы мүмкіндігі деп атады.
Сапар аясында Түркияға шамамен 400 адамның келетінін мәлімдеген Прево: «Біз сауда-саттық ынтымақтастығымыздың деңгейін көтеруге өте ниеттіміз. Бұл — біздің басты мақсаттарымыздың бірі», — деді. Сонымен қатар әлеуметтік қамсыздандыру, көлік, порттарды басқару, логистика, авиация және қорғаныс салаларында шамамен 40 келісімге қол қойылатынын хабарлады.
Прево: «Түркия — Бельгияның Еуропалық Одақтан тыс елдер арасындағы бесінші ірі экспорттық нарығы. Сондықтан бұл ел біз үшін өте маңызды мағынаға ие», — деп қосты.
Инвестиция және ынтымақтастық мүмкіндіктері
Түрік компанияларының Бельгияға көбірек инвестиция салуы керектігін айтқан Прево әсіресе биофармацевтика сияқты салалардағы мүмкіндіктерді анықтау қажеттігін жеткізді. Қорғаныс өнеркәсібіне де тоқталған Прево: «Қорғаныс секторы туралы айтатын болсақ, Түркияның соңғы он жылда 300 пайызға өскенін білеміз. Бұл шынымен де өте маңызды көрсеткіш», — деді.
Сондай-ақ порт, энергияның трансформациясы, теңіз үсті (offshore) өнеркәсібі және цифрлық активтер үшін жаңа мүмкіндіктер жасалуы керектігін атап өтті.
НАТО және ЕО процесі
«Түркия Ресей мен Қытай сияқты Еуропа үшін шектелуі немесе тежелуі тиіс елдердің қатарында ма?» деген сұраққа Прево Анкараны бұл тұрғыда басқа елдермен бір сөйлемде атаудың «оғаш» екенін айтты.
Прево: «Түркия — НАТО-ның одақтасы. Сонымен қатар ЕО-ға мүшелікке үміткер еуропалық ел. Сондықтан Түркия шектелуі немесе тежелуі тиіс ел емес», — деді. Бұған қоса, Анкара мен ЕО арасындағы Кеден одағын жаңарту қажеттігін білдіріп, «Біз 2026 жылдың ортақ экономикалық сын-қатерлерін осыдан отыз жыл бұрынғы шеңбермен шеше алмаймыз», — деген баға берді.
«Ережелерге негізделген тәртіп»
Қауіпсіздік тұрғысынан Түркияның стратегиялық серіктестік рөліне тоқталған Прево оның Украина үшін жасаған араағайындық күш-жігеріне және АҚШ пен Израильдің Иранмен шиеленісі аясында Таяу Шығыстағы ұстанымына назар аударды.
Прево: «Түркияда сіздер де Иранда және оның төңірегінде болып жатқан жайттар халықаралық құқыққа қайшы деп ойлайсыздар», — деп, Түркияның «ережелерге негізделген тәртіп» қажеттілігін алға тартып отырғанын жеткізді. Көпжақтылықты қорғау және аумақтық тұтастықты құрметтеу мәселелерінде Түркияны «көзқарасы ұқсас ел» деп сипаттады.
Анкараның НАТО одақтасы ретіндегі ерекше жауапкершілігіне де тоқталған Прево былай деп атап өтті: «Сіздер альянстың оңтүстік-шығыс қанатының қорғаушысысыздар. Сондықтан Түркияның барлық стратегиялық активтерінің жаһандық бейнесін көру өте маңызды. Болашақ ұрпақ үшін экономикалық даму жағдайларын жасау және жаңа көпірлер орнату жолында бірлесе нығайтатын дүниелеріміз көп деп есептеймін».













