Түркия Республикасының Энергетика және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметі бойынша, Түркияның жалпы электр қуаттылығы наурыз айының соңындағы дерек бойынша 125 мың 78 мегаватқа жетті. Ал су электр қуаттылығы 32 мың 334 мегаватты құрап, жалпы қуаттылықтың 25,9 пайызын иеленді.
Қуаттылық көрсеткіші бойынша су электр энергиясынан кейін күн энергиясы 21,2 пайыз, табиғи газ 19,8 пайыз, көмір 17,6 пайыз, жел 12 пайыз, геотермалдық көздер 1,4 пайыз және басқа да көздер 2,1 пайыз болып тізбектелді.
Дәл осы кезеңде электр энергиясын өндіретін станциялар саны лицензиясы жоқ нысандарды қосқанда 42 мың 35-ке дейін өсті. Олардың басым бөлігін — 39 мың 951 нысанды күн электр станциялары құрады. ГЭС-тер болса, 776 нысанмен қуаттылығы мен жүйедегі салмағы тұрғысынан екінші орынды иеленді.
Мамандардың пікірінше, әсіресе жауын-шашын көп болатын кезеңдерде су электр энергиясын өндіру электр энергиясын өндірудегі табиғи газдың үлесін айтарлықтай дәрежеде алмастырады. Осылайша энергия импортының шығыны азайып қана қоймай, жаһандық баға ауытқуларының электр энергиясы нарығына әсері де шектеледі.
Бұл тұрғыда ГЭС-тер геосаяси тәуекелдер артқан қазіргі жағдайда тек жаңартылатын энергия көзі ғана емес, сонымен бірге жеткізілім қауіпсіздігі, шығындарды басқару және жүйенің икемділігі тұрғысынан стратегиялық элемент ретінде алға шығады.
СЭС-тер сыртқы тәуекелдерге тәуелділікті азайтады
Су электр станциялары өнеркәсіп іскерлері қауымдастығының төрайымы Элван Тугсуз Гүвен ГЭС-тердің Ормуз бұғазына байланысты энергетикалық дағдарыста сыртқы тәуелділікті азайтатын маңызды көздердің бірі екенін айтты.
Түркияда су электр энергиясының электр өндірісінде маусымдық жағдайларға байланысты маңызды үлесі бар екенін жеткізген Гүвен: «Өндірілетін және тұтынылатын әрбір бес бірлік энергияның біреуі ГЭС-терден қамтамасыз етіледі. ГЭС-тің әрбір бір мегаваттық өндірісі дәл сондай көлемдегі табиғи газды қолданудың алдын алады. Бұл тікелей сыртқа тәуелділіктің азаюын білдіреді», — деді.
Гүвен Түркияның су электр саласында көп жылдық тәжірибесі бар екенін тілге тиек етіп, «Түркия 1930 жылдардан бері су электр энергиясын өндіруде белсенді. Бұл жаңа технология емес, керісінше біз өте жақсы білетін және қолданатын саламыз. Жобаларды әзірлеу, инженерлік қызмет, мердігерлік және жабдық өндірісі салаларында Түркия өз қажеттілігін өзі өтеп, халықаралық нарықтарда бәсекеге түсе алатын әлеуетке ие», — деді.
Дағдарыс кезеңдерінде жүйенің тепе-теңдігін қамтамасыз етеді
Гүвен ГЭС-тердің жылдам іске қосылу қабілетінің арқасында дағдарыс кезеңдерінде табиғи газдан болатын өндіріс шығындарын өтейтінін баса айтып, «Табиғи газ өндірісі төмендеген кезеңдерде пайда болған тапшылықты ГЭС-тер жапты. Бұған басты себеп — ГЭС-тердің өте жылдам іске қосылу мүмкіндігіне ие болуы. Бұл икемділік көмір станциялары сияқты алдын ала жоспарлауды қажет ететін көздерде жоқ», — деді.
Күн және жел энергиясындағы өндіріс ауытқуларын теңгерімдеуде де су электр энергиясының шешуші рөл атқаратынына тоқталған Гүвен: «Күннің көзі тасаланғанда немесе жел басылғанда пайда болатын кенеттен болатын өндіріс шығындарын өтей алатын ең сенімді көз — ГЭС-тер», — деген пікір білдірді.










