Германияның Лейпциг қаласында өтіп жатқан 2026 жылғы Халықаралық көлік форумына Түркия атынан қатысқан Абдулкадир Уралоглу елінің осы маңызды міндетті атқаруға дайын екенін айтып, Түркияның көлік саласындағы ұстанымын жеткізді.
Министр сөзін Германияның Лейпциг қаласында көлік шабуылы салдарынан қаза тапқандарға көңіл айтудан бастады.
Уралоглу Түркияның 1953 жылы Халықаралық көлік форумының негізін қалаушылардың қатарында болғанын және 2009 жылы төрағалық міндетін табысты атқарғанын еске салды.
Ол: «Түркия — Еуропа, Азия және Таяу Шығыстың тоғысындағы транзиттік ел ғана емес, аймақтарды, халықтарды және нарықты байланыстыратын стратегиялық орталық. Бұл бізге құрлықтар арасындағы тұрақты әрі үздіксіз көлік байланысын қамтамасыз ету міндетін жүктейді. Жаһандық жеткізу тізбектері қайта қалыптасып жатқан қазіргі кезеңде геосаяси қауіп, климаттық өзгеріс және цифрлық трансформация көлік саясатына әсер етуде», - деді.
«Орта дәліз» бен «Даму жолының» маңызына назар аударылды
Абдулкадир Уралоглу Түркияның автожолдардан бастап жоғары жылдамдықты теміржол желілеріне, порттар мен логистикалық орталықтарға дейін ауқымды инвестициялық жобаларды жүзеге асырғанын айтып, Орта дәліз бен Даму жолы жобаларының жаһандық сауда үшін стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті.
Министр Түркияның тұрақтылық пен даму қағидаттарына басымдық беретінін мәлімдеді.
Сондай-ақ Уралоглу Халықаралық көлік форумының құрамына жаңадан қабылданған Гана, Панама және Перу елдерін құттықтап, әріптестерін қараша айында Түркияда өтетін «COP31» саммитіне шақырды.

Түркияның төрағалық кезеңі әлемдік көлік дәліздері қайта қалыптасып жатқан маңызды уақытпен тұспа-тұс келіп отыр.
Халықаралық көлік форумы ̶ жыл сайын мамыр айында әлемнің түкпір-түкпірінен көлік министрлері, сала жетекшілері және ғалымдар жиналатын осы бағыттағы ең ірі жаһандық платформа.
Бас ғимараты Париж қаласында орналасқан әрі көлік саясаты бойынша әлемдегі жетекші сараптамалық ұйымдардың бірі ретінде танылған Халықаралық көлік форумының ең жоғары шешім қабылдау органы — Көлік министрлері кеңесі.
Германияның Лейпциг қаласында өтіп жатқан саммитке 80-нен астам елден 1200-ден астам жоғары лауазымды өкіл қатысып жаһандық көлік жүйесінің болашағын талқылауда.
2027 жылдың мамырынан 2028 жылдың мамырына дейін жалғасатын Түркияның төрағалығы әлемдік көлік дәліздері қайта жобаланып жатқан шешуші кезеңге тұспа-тұс келмек.
Осы уақыт аралығында Түркия өзінің тәжірибесі мен стратегиялық артықшылығының арқасында көлік саласының болашағына қатысты маңызды шешімдер қабылдамақ.













