Әлем кубогы 32 жылдық үзілістен кейін Солтүстік Америка топырағына қайта оралуда. Канада, Мексика және Америка Құрама Штаттары жалпы саны 16 қалада осы ірі кубокты ұйымдастырады. Тарихта тұңғыш рет 48 ел бақ сынайтын турнир 39 күнге созылады және футболсүйер қауым жалпы 104 қызықты кездесуді тамашалайды. Аргентина соңғы чемпион атағын қорғауға тырысатын бұл біріншілікте Иордания, Өзбекстан, Кюрасао және Жасыл Мүйіс аралдары (Кабо-Верде) сияқты елдер алғаш рет финалдық кезеңде бой көрсету қуанышына ие болады.
Жаңа турнир форматы қандай болады?
Командалар санының артуына байланысты турнир форматына да түбегейлі өзгерістер енгізілді. Өткен жылдардан айырмашылығы: топтық кезеңнен кейін бірден 1/8 финалға (соңғы 16) өтілмейді; оның орнына 32 команда бақ сынайтын жаңа плей-офф кезеңі қосылады. 11 маусымда Мексикада басталатын футбол мерекесі 19 шілдеде Нью-Йорк Нью-Джерси стадионында өтетін үлкен финалмен аяқталады. Сондай-ақ ФИФА маркетингтік стратегияларға байланысты турнир барысында барлық стадион атауларын олар орналасқан қалалардың атауларымен ауыстырды.
Кубок қашан басталады?
Турнирдің беташар матчы 11 маусымда Мехико қаласында Мексика мен Оңтүстік Африка арасында өтеді. Топтық ойындар 27 маусымда аяқталғаннан кейін 28 маусымда 1/16 финалмен (соңғы 32) бірге шешуші кезең басталады. Ширек финалдар 9-11 шілде, жартылай финалдар 14-15 шілде күндеріне жоспарланған күнтізбеде әлем чемпионы анықталатын финалдық матч үшін бүкіл әлемнің назары 19 шілде жексенбі күні Нью-Йоркке ауады.
Түркия қай топта орналасқан?
Түркия ұлттық футбол құрамасы турнирде “D” тобына түсіп, Америка Құрама Штаттары, Аустралия және Парагваймен жұптасты. Түрік құрамасы турнирдегі алғашқы матчында 13 маусымда Ванкуверде Аустралия құрамасымен жарысады. Топтың басқа да маңызды бәсекелерінде Түркия 19 маусымда Парагваймен кездеседі және топтық кезеңді 25 маусымда Америка Құрама Штаттарымен өтетін матчпен аяқтайды.









