Исмаил Бекаи Тегеранда өткен апталық баспасөз мәслихатында журналистердің сұрақтарына жауап берді.
АҚШ-пен араағайын елдер арқылы жалғасып жатқан келіссөздерге қатысты Бекаи Иран халқының құқықтары толық қорғалған жағдайда ғана келісімге қол қойып, оның талаптарын орындайтындарын атап өтті.
«Араағайын елдер Пәкістан және Катармен келіссөздер жалғасып жатыр», – деді ол.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубионың Иран талаптарын «шектен шыққандық әрі күлкілі» деп бағалауына жауап берген Бекаи былай деді:
«Келіссөздер басталмай тұрып, АҚШ-тың заңсыз санкцияларын тоқтатуды, теңіз блокадасын алып тастауды және барлық бағыттағы соғысты аяқтауды талап етудің несі қисынсыз? Иранның екі күндік жоспары – келіссөз үстеліндегі ең орынды ұсыныс. Ал шын мәнінде қисынсыз әрекет – келіссөздер жүріп жатқан кезде АҚШ-тың Иранға шабуыл жасауы».
Бекаи Иранның келіссөздерге қатысты ұстанымы айқын екенін айтып, «екі күндік жоспар» деп аталған ұсыныс елінің келісімге келуге дайын екенін көрсететінін жеткізді.
Израильдің химиялық қаруға қатысты мәлімдемесі
Израильдің «Иран химиялық қару қолдануы мүмкін» деген мәлімдемесіне қатысты Бекаи Тель-Авив билігін жалған ақпарат таратты деп айыптады.
Оның айтуынша, Израильдің бұл айыптаулары жауап беруге тұрарлық емес.
Иран Оңтүстік Кореяны Ормуз бұғазындағы дағдарысқа араласпауға шақырды
Оңтүстік Кореяның Ормуз бұғазын қайта ашуға көмектесу үшін аймаққа әскери теңіз күштерін жіберуі мүмкін екені туралы ақпаратқа түсініктеме берген Бекаи Сеул билігін әскери араласудан бас тартуға шақырды.
«Оңтүстік Корея Ормуз бұғазын ашуға көмектесу мақсатында аймаққа әскер жіберуден және онсыз да күрделі жағдайға араласудан бас тартуы тиіс. Оңтүстік Корея ғана емес, басқа елдер де АҚШ пен сионистік режимнің зиянды әрекеттерінің салдарын ескереді деп үміттенеміз», – деді Бекаи.

























