Ресейдің Амур облысында құрылысы жүріп жатқан Амур газ-химия кешенінің құрылыс алаңында шыққан өрттен 7 адамның қаза тапқаны, ал 9 адамнан хабар-ошар жоқ екені хабарланды.
Кешеннің баспасөз қызметі жасаған мәлімдемеде кеше нысанда шыққан өртке қатысты мәліметтер берілді.
Іздеу-құтқару жұмыстары барысында тағы 4 Қытай азаматының мәйіті табылғаны айтылған мәлімдемеде осылайша өрттен қаза тапқандар саны 1-еуі Ресей, 6-уы Қытай азаматы, барлығы 7-ге жеткені белгілі болды.
Мердігер компанияда жұмыс істейтін 9 Қытай азаматының тағдыры әлі белгісіз екені және іздестіру-құтқару жұмыстарының жалғасып жатқаны, оқиғадан кейін 152 адамның медициналық мекемелерге жүгінгені, түрлі дәрежеде жарақат алған 36 адамның ауруханаға жатқызылғаны атап өтілді.
Құрылыс алаңындағы өрттің сөндірілгеніне назар аударылған мәлімдемеде аймақтағы елді мекендердің ауасында зиянды заттардың шекті деңгейден аспағаны айтылды.
Ресейлік «Сибур» мен қытайлық «Sinopec» компаниялары бірлесіп салып жатқан Амур газ-химия кешені әлемдегі ең ірі полимер және газ-химия өндірістік нысандарының бірі болады деп жоспарланды.



















