Түркия Республикасының Сауда министрі Өмер Болат 63-ші Дамаск халықаралық жәрмеңкесі аясында Сирияның Экономика және өнеркәсіп министрі Нидаль аш-Шаармен кездесті. Кездесуде екі ел арасындағы сауда айналымын 10 миллиард долларға жеткізу мақсаты бағытында басылатын қадамдар талқыланды.
Болат Түркияның “NSosyal” әлеуметтік желісіндегі парақшасында жариялаған жазбасында кездесуде әсіресе көлік және кеден бекеттерінде сауданы жеңілдету бойынша ынтымақтастық мүмкіндіктері қаралғанын атап өтті. Сонымен қатар түрік жеке секторының Сирияны қайта құруда атқара алатын рөлі де сөз болды.
Екі министр сәуір айында өткен Түркия-Сирия Бірлескен экономикалық және сауда комиссиясының отырысында қол жеткізілген келісімдерді жүзеге асыру бойынша нақты ниеттерін тағы бір мәрте растады.
Болат кейіннен Сирия Инвестициялық агенттігінің жаңа төрағасы Ахмед Равад Рамаданмен кездесіп, түрік компанияларының Сириядағы инвестициялық жоспарлары мен мүмкіндіктерін талқылады.
Кездесуде инвестициялық ортаны болжамды ету үшін басылуы мүмкін қадамдармен қатар Сирияның Камуна және Серакиб аймақтарындағы ұйымдастырылған өнеркәсіптік аймақтарға салынуы жоспарланған инвестициялар қарастырылды.
Болат Рамаданның түрік іскер әлемін жақсы танитыны Түркия мен Сирия арасындағы инвестициялық қатынастарды дамытуға маңызды үлес қосатынын білдірді.
Кездесуге қатысқан түрік кәсіпкерлері де аймақтағы өндіріс пен жұмыспен қамтуды арттыруға бағытталған үміттері мен ұзақ мерзімді инвестициялық жоспарларымен бөлісті.




















