ӘЛЕМ ЖАҢАЛЫҚТАРЫ
2 ... минут оқылды
Непалдағы су тасқыны мен көшкін салдарынан ондаған адам қаза тапты
Қытай шекарасына жақын маңда болған су тасқыны мен көшкіннен кейін іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Кемінде 384 турист, жолаушы және қауіпсіздік қызметкері жоғалып кетті.
Непалдағы су тасқыны мен көшкін салдарынан ондаған адам қаза тапты
Непалдағы су тасқыны мен көшкін салдарынан ондаған адам қаза тапты / Reuters

Непалдың Қытай шекарасына жақын аймағында болған су тасқыны мен көшкін салдарынан туристер мен жолаушыларды, сондай-ақ әскерлер мен полиция қызметкерлерін қосқанда кемінде 384 адамның із-түзсіз жоғалғаны хабарланды. Билік өкілдері кемінде 157 адамның қаза тапқанын мәлімдеді.

Полицияның хабарлауынша, сәрсенбі күні Непал мен Қытайдың Тибет аймағы арасындағы Гималай шекаралық өңірін шарпыған су тасқынынан қаза тапқандар саны 157-ге жеткен.

Непалдың Сыртқы істер министрі Сишир Ханал парламентте жасаған мәлімдемесінде су тасқыны әскери және полиция казармаларын шайып кеткеннен кейін шенеуніктер, әскерилер мен полиция қызметкерлерінің де жоғалғандар қатарында екенін айтты.

Непалдың Туризм жөніндегі кеңесі мәлімдемесінде 384 адамның із-түзсіз жоғалғандар тізіміне енгізілгенін хабарлады.

Туризм кеңесі: «Билік апаттан зардап шеккен аймақтарда болған немесе сол өңірлер арқылы өткен туристер мен жолаушылардың қайда екенін анықтау үшін жұмыс жүргізіп жатыр», — деп мәлімдеді.

Ханалдың айтуынша, Расува ауданында су тасқыны казармаларды шайып кеткеннен кейін 29 полиция қызметкері мен Непал армиясының 44 сарбазынан да хабар жоқ.

Үкіметтің алдын ала есебі бойынша, 19 көпір қирап, 40 шақырым жол бүлінген және 13 су электр станциясы зақымданған.

Сондай-ақ шамамен 200 жүк көлігін тасқын су ағызып әкеткен.

Жойқын апат

Ханалдың айтуынша, сәрсенбі күні шекара маңында болған жер сілкінісінен кейін қар көшкіні жүріп, салдарынан Қытайдың Тибет аймағындағы мұздық көлдер арнасынан шыққан.

Бейжің бұл өңірді «Сицзан автономиялық ауданы» деп атайды.

«Су тасқыны салдарынан көптеген су электр станциясы, мемлекеттік ғимараттар мен жол инфрақұрылымы толығымен қирады», — деді Ханал.

АҚШ Геологиялық қызметінің мәліметінше, Қытайдың Тибет аймағымен шекаралас Непалдың Кодари ауылында жергілікті уақытпен сағат 08:37-де магнитудасы 4,4 болатын жер сілкінісі тіркелген.

Шекараның екі жағында да ауқымды іздестіру-құтқару жұмыстары басталды.

Із-түзсіз жоғалғандардың арасында Непал, Үндістан, Ұлыбритания, Оңтүстік Африка, Австралия және Нидерланд азаматтары бар. Тағы бірқатар адамның қай елдің азаматы екені әзірге белгісіз.

Оңтүстік Кореяның «Yonhap News» агенттігі елдің Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап, Оңтүстік Кореяның сегіз азаматынан хабар жоқ екенін, тағы 10 адамның Непалдағы су тасқыны салдарынан жолда қалып қойғанын хабарлады.

Ханал су тасқыны Расува, Дхадинг және Читван аудандарына үлкен залал келтіргенін айтты.

 

Іздеу
"Иран шабуылдары АҚШ-тың Таяу Шығыстағы барлау нысандарына ауыр зиян келтірді"
“Ғылыми фантастикадағы ғарыш айлағы” Луизинада бой көтермек
Ресейде шыққан өртте Қытайдың 6 азаматы, барлығы 7 адам қаза тапты
Армения парламенті Баку және Анкарамен қатынасты қалыпқа келтіру бағдарламасын мақұлдады
YPG террор ұйымы таратылды
Президент Ердоған: "Түрік халқы жеңіске жетеді"
Израиль БҰҰ-ның білім беру орталығын басып алды
Мұнайға бай Ливияда жанармай дағдарысы
Иран: “АҚШ-тың экономикалық қысымына жауап береміз”
Түркия Сирияның терроризмді қолдайтын мемлекеттер тізімінен шығарылуын оң шешім деп бағалады
Оккупацияланған Батыс Шерияда израильдік қоныстанушылардың шабуылдары 63 пайыз артты
Оман жағалауында мұнай танкері шабуылға ұшырады
Ресейдің Краснодар өлкесіне жасалған дрон шабуылынан кейін мұнай өңдеу зауытында өрт шықты
Сирия санкциялардан кейін қайта қалпына келтіру жолына түсті
АҚШ Қорғаныс министрі: «Қажет болса, Иранға қарсы күш қолданамыз»