Қырғызстанның астанасы Бішкекте әкімшілік-аумақтық реформадан кейін қайталануларды жою және көлік бағыттарын оңтайландыру мақсатында көптеген көше мен даңғыл біріктіріліп, қырғызша, әрі ұлттық атаулармен қайта аталды.
Бішкек қалалық кеңесінде қабылданған шешіммен өзара жалғасып жатқан, әрі әртүрлі атауларға ие магистральдарда ауқымды өзгерістер жасалып, көптеген көше мен даңғыл бір атау астына біріктірілді.
Енгізілген өзгерістерге сәйкес, Қырғызстанда 2010 жылғы 7 сәуірде болған халық төңкерісінен кейін қаладағы төрт басты магистральдың біріне берілген «7 сәуір» атауының алынып тасталғаны назар аударды.
Сонымен қатар бұрынғы Кеңес Одағынан қалған Путепроводная, Молодая гвардия (Жас гвардия бульвары), Селекционная, Муромская, Победа, Васильевский тракт, Максим Горький, Окраинная, Набережная, Центральная Береговая сияқты атаулардың да енді қолданылмайтыны белгілі болды.
Көшелер мен даңғылдарға қырғызша атау берілді
Тұрғын саны бір жарым миллионға жеткен қала Шу (Тәңір тауының солтүстік етегіндегі алқаптың атауы), Жібек жолы (Тарихи Жібек жолы), Шыңғыс Айтматов (жазушы, мемлекет қайраткері), Аалы Тоқомбаев (ақын-жазушы) сияқты басты даңғылдардан құралды.
Ал басты көшелерге Манас, Шабдан батыр, Жүсіп Абдрахманов (қырғыз мемлекет қайраткері), Құрманжан Датқа, Иманалы Айдарбеков, Абсамат Масалиев, Анкара, Махатма Ганди және Дэн Сяопин (Қытайдың бұрынғы көшбасшысы) атаулары берілді.
Қырғызстан Президентінің сарайы орналасқан Шыңғыс Айтматов және Манас даңғылдары Шыңғыс Айтматов даңғылы болып өзгертілді.
Қаланың батысы мен шығысын жалғап жатқан Михаил Фрунзе, Дэн Сяопин, Шу және Шабдан батыр көшелері Шу даңғылы болып қайта аталды.
Шу даңғылы мен Жібек жолы және Победа даңғылдары Жібек жолы даңғылы болып біріктірілді.
Жайыл батыр, Абсамат Масалиев, Аалы Тоқомбаев және Қайықов көшелері Аалы Тоқомбаев даңғылының құрамына жинақталды.
Басты көшелердің де атаулары өзгертілді
Максим Горький мен Анкара көшелері — Анкара көшесі; Анварбек Чортеков пен Кривоносов көшелері — Абсамат Масалиев көшесі болып белгіленді.
Береговая, Окраинная, Көк-Сай, Құрманалиев және Набережная көшелері Дэн Сяопин көшесі деген атаумен бір арнаға тоғысты.
Батық батыр, Жүсіп Абдрахманов, Абдынасыр Елебесов және Центральная көшелері Жүсіп Абдрахманов көшесі атауын алды.
Лев Толстой, Путепроводная және Сары-Өзен көшелері Шабдан батыр көшесіне айналды.
Қаланы әуежаймен жалғайтын Юлиус Фучик және Васильевский тракт көшелері Манас көшесі болып қайта аталды.
Жас гвардия бульвары мен Махатма Ганди көшесі біріктіріліп, Иманалы Айдарбеков көшесі, ал Селекционная мен Муромская көшелері біріктіріліп, Махатма Ганди көшесі болып өзгертілді.
7 сәуір мен Құрманжан Датқа көшелері біріктіріліп, Құрманжан Датқа көшесі, ал Виноградная көшесіне Лев Толстой көшесі атауы берілді.
Әкімшілік-аумақтық реформа нәтижесінде жер көлемі шамамен үш есе кеңейген Бішкекте маңайдағы елді мекендердің орталыққа қосылуымен әкімшілік шекаралар мен инфрақұрылымдық қызметтер ұлғайып, көше атауларында қайталанулар пайда болған еді.
Техникалық инфрақұрылым жұмыстары аяқталғаннан кейін Бішкек мэриясы қоғамдық көлік бағыттарын, аялдама ақпараттарын, қаланың инфрақұрылымдық мәліметтерін, кадастрлық және цифрлық мекенжай картасын толықтай жаңартатынын хабарлаған болатын.




















