Франция президенті Эммануэль Макрон инфрақұрылымдық нысандары Ресейдің соққысына ұшыраған Украинаға әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерін жеткізу бойынша келісімге қол қойылғанын хабарлады.
Эммануэль Макрон “X” әлеуметтік желісіндегі парақшасында мәлімдеме жасап, Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) Бас Ассамблеясының 81-ші сессиясы аясында Украина президенті Владимир Зеленскиймен келіссөз өткізгенін білдірді.
Ресейдің Украинаның энергетикалық инфрақұрылымына жасаған шабуылдары миллиондаған украиндықтың электр және жылумен қамтамасыз ету қызметтерінен мақұрым қалуына әкеліп соқтырғанына назар аударған Макрон Францияның Украинаның қыс мезгілін еңсеруіне көмектесетінін жеткізді.
Макрон Зеленскиймен Украинаға радарлар мен әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерін жеткізуге қатысты келісімге қол қойғандарын да жариялады.
Украинаға қолдау көрсету мәселесін АҚШ президенті Дональд Трамппен де талқылағанын айтқан Макрон энергетикалық қауіпсіздік үшін Қаратеңізде тыныштықты қамтамасыз етуге шақырды.
БҰҰ Бас Ассамблеясының 81-ші сессиясына қатысу үшін Нью-Йоркте жүрген Макрон АҚШ президенті Трамппен де кездесіп, бұл сұхбаттың өте нәтижелі өткенін айтқан болатын.




















