Түркия Сыртқы істер министрлігі хоуситтердің Мекке қаласын нысанаға алған ұшқышсыз ұшу аппаратымен (ҰҰА) шабуылын айыптады.
Министрлік тарапынан хоуситтердің Меккеге ҰҰА-мен соққы жасау әрекетіне қатысты жазбаша мәлімдеме жарияланды.
Мәлімдемеде: «Хоуситтердің қасиетті Мекке қаласын нысанаға алған шабуылын айыптаймыз», — делінген.
Түркияның Сауд Арабиясының егемендігіне, аумақтық тұтастығына және қауіпсіздігіне беретін қолдауы расталып, Сауд Арабиясымен ынтымақтастықта екені тағы бір мәрте баса айтылды.
Мәлімдемеде: «Аймақтық тұрақтылық пен қауіпсіздікке де қауіп төндіретін бұл шабуылдарды дереу тоқтатуға және шиеленісті одан әрі ушықтыруға бағытталған кез келген әрекеттен аулақ болуға шақыруымызды қайталаймыз», — деп айтылды.
Сауд Арабиясы бастаған Араб коалициясының өкілі бригадир генерал Турки әл-Малики кеше (жергілікті уақытпен) сағат 18.50 шамасында Сауд Арабиясы Корольдігінің Әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштерінің хоуситтер ұшырған ҰҰА-ны Меккедегі тыйым салынған әуе кеңістігіне кірмей тұрып анықтап, қаланың оңтүстігінде оның жолын кесіп, көзін жойғанын хабарлаған еді.
Хоуситтердің теріске шығаруы
Хоуситтердің Әскери өкілі Яхья Сери болса Меккені нысанаға алды деген шағымдардың шындыққа жанаспайтынын алға тартты.
Сауд Арабиясына бағытталған шабуылдарда тек мұнай нысандары мен әскери базаларды ғана нысанаға алғандарын айтқан Сери қасиетті мекендерден мүлдем алшақ стратегия ұстанатындарын білдірді.





















