Еуропалық комиссия бейсенбі күні 13 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерге кіруін шектеуді және кәмелетке толмағандардың жеке аккаунт ашуына қатысты Еуропалық Одақ бойынша ең төменгі жас шегін 15 жас деп белгілеуді көздейтін «ЕО балалар туралы заңы» жобасын қабылдады.
Жоспарға сәйкес, 13 және 14 жастағы балалар әлеуметтік желілерге ата-анасы немесе қамқоршысы ашып, басқаратын «шағын аккаунттар» арқылы кіре алады. Мұндай аккаунттарда әлеуметтік қарым-қатынасты шектеу және экран уақытын күніне бір сағатпен шектеу сияқты шаралары қарастырылады.
13 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерге кіруіне толықтай тыйым салынады. Алайда олар ата-анасы немесе қамқоршысы басқаратын және экран уақыты күніне бір сағатпен шектелген аккаунттар арқылы балаларға арналған бейне бөлісу қызметтерін пайдалана алады.
Заң жобасы әлеуметтік желілер, бейне бөлісу қызметтері, онлайн ойындар, сондай-ақ жасанды интеллект негізіндегі виртуалды серіктер мен чат-боттарды қоса алғанда барлық платформаларды 18 жасқа толмаған пайдаланушыларды қорғауға міндеттейді.
Ұсынылып отырған ережелер тәуелділік тудыратын дизайн элементтеріне, профильге негізделген ұсыныстар таспасына, шексіз айналдыруға, сыйақыға негізделген айла-тәсілдерге, түнгі уақытта жіберілетін жедел хабарламаларға және бейтаныс адамдардан келетін қалаусыз байланыстарға тыйым салуды көздейді.

Жасанды интеллект негізіндегі виртуалды серіктер мен чат-боттар әдепкі режимде өшірулі болуы керек. Сондай-ақ олардың эмоционалдық тәуелділік тудыратындай жеке қарым-қатынасты имитациялауына тыйым салынады. Кәмелетке толмағандардың профильдері әдепкі бойынша жабық болады. Сонымен қатар геолокация, камера және микрофонға қолжетімділік өшіріледі.
Платформалар мен қолданбалар дүкендері жас ерекшелігін тексеру құралдарын пайдалануға міндеттеледі. Олардың қатарында жеке басын куәландыратын құжаттар мен биометриялық деректерді сақтамайтын, жас ерекшелігін тексеруге арналған ЕО ұсынатын қосымша да болады.
Аталған ұсыныс дәлелдеу міндетін платформалардың өзіне жүктейді. Соған сәйкес, ең ірі платформалар тәуелсіз аудитор тексеретін сәйкестік жоспарлары арқылы өз қызметтерінің «дизайн бойынша қауіпсіз» екенін дәлелдеуі тиіс.
«ЕО-ның әрекет ететін уақыты келді»
Еуропалық комиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен көптеген баланың онлайн әлемге тым ерте жастан араласатынын айтты.
Фон дер Ляйен қазіргі балалардың әл-ауқатын қорғауға емес, олардың назарын аударуға бағытталған озық технологиялармен өзара әрекеттесетінін айтып, мұндай тәуелділік тудыратын мүмкіндіктер платформалардың бизнес-модельдерінің бір бөлігіне айналғанын атап өтті.
Ата-аналардың алгоритмдермен бәсекелесе алмайтынын айтқан фон дер Ляйен: «Еуропалық Одақтың әрекет ететін уақыты келді», – деді.
Фон дер Ляйен жаңа ережелер технологиялық компанияларды өз платформаларындағы контентке қатысты жауапкершіліктен босатпайтынын айтты. Оның атап өтуінше, Комиссия платформалар бірнеше жыл бойы келтірілген зиянды жоққа шығарып, өз ережелерін өз қалауынша белгілеп келген жағдайды өзгертуге бағытталған қадам жасап отыр.

















