Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған «Терроризмнен азат Түркия» үдерісіне қатысты: «Мемлекетіміздің негізгі қағидаттарынан, халқымыздың құндылықтарынан, шейіттердің туыстары мен ардагерлерімізден ешқашан бас тартпаймыз», - деді.
Ердоған Президенттік кешенде шейіттердің туыстары мен ардагерлерді қабылдады.
Ол Отан, халық және ту үшін жанын қиған барлық шейітті құрметпен еске алып, ардагерлерге ұзақ әрі берекелі ғұмыр тіледі.
Ердоған Түркияны терроризм қатерінен арылту мақсатында жүргізіліп жатқан «Терроризмнен азат Түркия» үдерісі аясында парламенттің осы аптада маңызды қадам басқанын еске салды.

«Сепаратистік ұйым содырларының қарусыздануын қамтамасыз ететін заң жобасы 467 депутаттың дауысымен қабылданды. Бір мәселені ерекше атап өткім келеді.Ұйымды осы кезеңге жеткізген Отан перзенттерінің қаһармандық күресі және мемлекетіміздің қорғаныс өнеркәсібінде соңғы жылдары қол жеткізген жетістіктері болды. Ұйым ел ішінде де, шетелде де жүргізген табанды күресіміздің арқасында сепаратистік мақсаттарына жете алмайтынын түсінді. Ол Сирияда да, елімізде де өз мақсаттарына жете алмайтынын мойындауға мәжбүр болды. Түркияның күші, қуаты және аймақтық ықпалы баршаға көрінді. Енді осы үдерістегі жұмыстардың соңғы кезеңіне аяқ бастық. Мұны да шейіттеріміздің рухын ардақтап, құқық пен демократия аясында аса мұқият жүзеге асырып жатырмыз», - деді Ердоған.
Президент: «Мемлекетіміздің негізгі қағидаттарынан, халқымыздың құндылықтарынан, шейіттердің туыстары мен ардагерлерімізден ешқашан бас тартпаймыз», - деп атап өтті.
Президент Ердоған Жандармерия және Жағалау күзеті академиясының түлектеріне арналған салтанатты рәсімде сөйлеген сөзінде «Терроризмнен азат Түркия» және «терроризмсіз аймақ» тұжырымдамаларын жүзеге асырудың өмірлік маңызы бар екенін айтты.
«Он мыңдаған азаматымыздың өмірін қиған және еліміздің 40 жылына ауыр зардабын тигізген бұл мәселені мемлекет пен халық бірлесе отырып, Алла қаласа, түбегейлі шешеміз», - деді президент.




















